Мемлекет басшысы қолжетімді баспана арман емес, биліктің азаматтар алдындағы міндеті екенін айтқан еді. Осы міндеттеме басшылыққа алына отырып, соңғы екі жылда 1 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс әкімдігі ұсынған деректерге сай, жыл басынан бері 391 мың шаршы метр тұрғын үй ел иігілігіне берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2% артық.
Биыл 500 мың шаршы метр немесе 6 500 пәтер салу және халыққа табыс ету жоспарланып отыр.
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Қостанай жастары» бағдарламасы іске асырылуда. Соңғы үш жылда осы бағдарлама аясында 340-тан астам жас өз баспанасына ие болды.
Бұдан бөлек, облыс аумағында тұрғын үйлерді қайта жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қайта жөндеу жұмыстары тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де іске асырылып жатыр.
Мысалы, Меңдіқара ауданына қарасты Каменорал ауылында жалпы ауданы 600 шаршы метр болатын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй қалпына келтірілді. Үй «Каменскоуральское» өндірістік кооперативінің өз қаражаты есебінен өз қызметкерлері үшін жөнделді. Аталған үйде 4 бір бөлмелі, 4 екі бөлмелі және 4 үш бөлмелі пәтер бар. Жоба құны – 90 миллион теңге. Бұл үйде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ыңғайлы және қолайлы жағдайлар жасалған.
Тұрғын үйлерді пайдалануға беру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды қадам болмақ.
