Науырзым ауданының әкімі Мәди Ихтиляпов аудан жастарының қатысуымен кездесу өткізіп, олардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді талқылады.

«Жастар – бұл біздің ауданымыздың күші, болашағы мен жаңа идеялардың қайнар көзі. Әрбір жас өз мүмкіндігін жүзеге асырып, қолдауды сезінуі маңызды. Мұндай кездесулер жастар бастамаларын тереңірек түсінуге және жарқын болашақты бірлесе қалыптастыруға жол ашады», – деді әкім өз сөзінде.
Кездесу барысында білім алу, жұмысқа орналасу, волонтерлік қызмет және азаматтық белсенділік сияқты тақырыптар кеңінен қозғалды. Жастар өз ойларын ашық білдіріп, аудан басшылығымен еркін пікір алмасты.
Ауданға жаңадан келген жас мамандарға ерекше құрмет көрсетіліп, марапатталды. Оларға рухани байлық пен тағылым болсын деген ниетпен Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» кітабы табыс етілді.

Жастар әкімге алғыстарын білдіріп, осындай ашық форматтағы кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілектерін жеткізді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы
