«Абадан» – Алаш рухының үні. Қостанайда жас ғалым Данияр Ихсанның кітабының тұсауы кесілді

«Абадан» – Алаш рухының үні. Қостанайда жас ғалым Данияр Ихсанның кітабының тұсауы кесілді

Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жас ғалым, алаштанушы Данияр Ихсанның Алаш қайраткері, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірі мен мұрасына арналған «Абадан» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Рухани іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, студентер мен жастар және кітап сүйер оқырмандар қатысты. Жиынды филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Оспанов ашып беріп, жаңа еңбектің маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде Міржақып еңбегінің ұлт руханиятындағы орны мен бүгінгі ұрпаққа қалдырған тағылымын ерекше атап өтті.blank

– Міржақып Дулатов – еркін ой мен әділдік жолында күрескен алып тұлға. Оның мұрасы – тәуелсіздік рухының айғағы. Бұл кітап – сол рухтың жаңғыруына қосылған сүбелі үлес, – деді ғалым.

Келесі кезекте қазақ журналистикасының қайраткері Жанұзақ Аязбеков сөз алып, жас ғалымға шығармашылық шабыт пен қажымас қайрат тілеп, кітап жайлы өз ойын білдірді.blank

– Бұл кітаптың өскелең ұрпаққа берері көп. Қазіргі таңда оқылымда жүрген Міржақып жайлы кітаптардың барлығы бір ізді әдеби көркемделіп қайта жазыла береді . Ал «Абадан» туындысында оқырман бұрын естімеген тарихи оқиғалар мен айтылмаған Алаш қайраткерлерінің есімдері қамтылған, – деді ол.

Қонақтардың ізгі тілектері аяқталған соң Данияр Ихсан ұстазы Серікбай Оспановқа қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті. Бұл көрініс ұстаз бен шәкірт арасындағы шынайы құрметтің көрінісі болды.blankblankКітаптың «тұсауын кесу» құрметі Серікбай Оспанов пен Жанұзақ Аязбековке табысталды. Даниярға деген жылы тілектер мен шынайы ықыластар зал ішінде шапалаққа ұласты. Сөз тізгінін алған Данияр Ихсан жиналған қауымға алғысын білдіріп, еңбектің жазылу барысы жайында әңгімелеп берді.blank

– Бұл кітаптың ерекшелігі – Міржақыптың ғұмырнамасы алғаш рет жүйелі түрде қамтылды. Қоғам Міржақыпты Алаш қайраткері ретінде біледі, енді Міржақыпты тұлға ретінде таныса екен деймін , – деді автор.

Таныстырылым сәтті өтіп, оқырманның қызығушылығын тудырды. Кітап туралы сұрақтар қойылып, пікір алмасу рухани диалогқа ұласты. Студенттер қауымы кезектесе сұрақ қойып, белсенділіктерін танытты.blankblankblankМіржақып мұрасына арналған бұл жаңа еңбек – қазақ руханияты үшін үлкен жаңалық. Ол ұлттың ұлы перзенті туралы танымды кеңейтіп қана қоймай, жастарды елдік пен еркіндік рухында тәрбиелеуге бағытталған маңызды еңбек болмақ.blank

Олжас Ғабдімәлік,

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ студенті