Қазақы қалжыңның хас шебері, «Қыр елінің Крыловы» атанған, сатирик, жазушы, этнограф, ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлар байқау-фестивалі Тобыл өңірінде бастау алды.
Оған еліміздің 7 облысынан барлығы 12 ұжым қатысуда. Өнер додасы биыл бірінші рет Көпен ағасыз өткелі отыр. Байауға Қостанай, Атырау, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Павлодар облыстарынан келген сатира әзілкештері қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, кештің шымылдығын түрді.
Әзіл-сықақ театрларының байқау-фестиваліне төрелік еткендер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «ТТТ» театрының директоры, «Тамаша» ойын-сауық театрының белгілі актеры, кино актеры – Асылбек Боранбаев; Жазушы- сатирик, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Екі езу» театрының көркемдік жетекшісі – Нұрлыбек Жұбатқан; Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын – Абылай Маудан; белгілі ұстаз-ғалым, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, «Жеті қазына» этнопедагогика бойынша бағдарлама авторы, «Әлем көшбасшысы» құрметті атағының иегері, Астана қаласының 59 мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары, Кенжеахметова Зәмзагүл Сейітқызы және Сарыкөл аудандық мәдениет үйінің директоры, “Таған” театрының әртісі, Қостанай облысы меценаттар клубының “Шабыт” сыйлығының иегері Нұрлан Байшин бар.
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының қолдауымен Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының ұйымдастыруымен аталмаш шара облысымызда осымен төртінші мәрте өтіп отыр.
Ертең фестивальдің екінші күні Қостанай ауданы, Тобыл қаласы, «Алтын дән» МҮ-өтеді. Басталуы сағат: 11:00-де.
Суреттерді түсірген Б. КӨРКЕМБАЕВ.