Қамысты ауданының 70 жылдығы аталып өтті

Қамысты ауданының 70 жылдығы аталып өтті

Қамысты ауданының 70 жылдығына арналған салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйінде жоғары деңгейде өтті. «Құтты мекен – Қамысты» атты мерейтойлық кешке аудан тұрғындары мен қонақтар, әр жылдары өңірдің дамуына үлес қосқан ардагерлер мен еңбек озаттары қатысты.

 

Мерекелік жиын аудан туралы бейнепрологпен ашылып, сахна төрінде «Шашу» биі орындалды. Жергілікті өнерпаздардың ұлттық нақыштағы өнері мерекенің ажарын аша түсті.

Салтанатты жиында сөз алған Қамысты ауданының әкімі Ерлан Әлімбайұлы Жаулыбаев аудан халқын айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

blank

– Қамысты ауданы – тарихы терең, еңбегі мен дәстүрі жарасқан құтты мекен. 70 жыл ішінде ауданымыздың келбеті айтарлықтай өзгеріп, экономикасы мен әлеуметтік саласы тұрақты дамуда. Бұл – баршамыздың ортақ жетістігіміз, – деді аудан басшысы.

Мерекелік шара барысында бірқатар азаматтар ауданның 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталды. Олардың қатарында ауданның бұрынғы әкімдері, білім мен денсаулық сақтау саласының ардагерлері, қоғам белсенділері мен еңбек озаттары бар.

blank blank blank

Солардың ішінде Мемлекеттік қызмет ардагері, Қамысты ауданының бұрынғы әкімі Бағытұр Әлімбайұлы Дәндібаев та бар. Ол он жыл бойы аудан басшысы ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде көптің ықыласына бөленді.

Мерейтой сахнасында сөз сөйлеген Бағытұр Әлімбайұлы туған жерге деген ыстық ықыласын жеткізді:

 

– Қамысты менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Бұл жердің әрбір жетістігі мен үшін үлкен қуаныш. Ауданның бүгінгі келбеті – бірнеше буынның еңбегі мен бірлігінің жемісі. Бұрын он жылда бір пәтер салынатын болса, қазір жыл сайын бірнеше жаңа баспана берілуде. Бұл – ауданның өсіп-өркендеп келе жатқанының айғағы, – деді ол.

Сонымен қатар мереке күні бірқатар тұрғындарға жаңа баспананың кілті табысталды. Бұл игі іс – елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екені атап өтілді.

 

Аудан әкімі бастаған делегация мерейтой қарсаңында аудандық орталық ауруханада болып, ұжыммен кездесті. Сондай-ақ Сейітжан Бекшентаев атындағы аудандық мешітке барып, тәу етті. Мұнан соң ардагерлер үйі мен жаңадан ашылған “Атамекен” саябағын аралады. Саябақта еліміздің әр облысын бейнелейтін шағын мүсіншелер қойылып, ауданның көркін арттыра түскен.

Сондай-ақ салтанатты жиында Еңбек Ері Борис Павлович Князев сөз сөйлеп, аудан тарихындағы еңбек адамдарын ерекше ілтипатпен еске алды.

– Біз бүгін мерейтойда тек өткенді еске алып қана қоймай, Қамыстының дамуына зор үлес қосқан жандардың рухына тағзым етеміз. Бұл жерде өмірін еңбекке арнаған абзал азаматтар аз емес. Солардың ішінде өмірден өткен еңбеккерлердің, сонымен қатар ауданның өркендеуіне зор үлес қосқан Жазит Кәрімұлы мен Темірхан Үндемесовтердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олардың табандылығы мен еліне деген сүйіспеншілігі кейінгі ұрпаққа өнеге, – деді Борис Павлович.

Кеш барысында Қостанай облыстық Е.Өмірзақов атындағы филармониясының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

blank

Мерекелік кеш соңында көрермендер ду қол шапалақтап, туған жердің мерейтойына арналған рухты, әсерлі сәттерге ризашылықтарын білдірді.

Қамысты жұрты үшін бұл мереке – ауданның тарихына тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерді бағалау мен жарқын болашаққа сеніммен қадам басудың белгісі болды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ