Қазпошта қызметкерлері Дүниежүзілік пошта күнін атап өтті

Қазпошта қызметкерлері Дүниежүзілік пошта күнін атап өтті

Жыл сайын атап өтілетін Дүниежүзілік пошта күні биылғы жылы ерекше маңызға ие болды. Себебі, жалпы әлемде пошта қызметінің құрылғанына 151 жыл толып отыр. Осыған орай Қазпошта акционерлік қоғамының Қостанай облыстық филиалында салтанатты жиын өтіп, саланың үздік қызметкерлері марапатталды.
Қазпошта – заманауи қаржы және агенттік қызмет көрсететін ұлттық оператор. Бүгінде компания ақпараттық технологияларды белсенді түрде енгізіп, цифрлық трансформация бағытында үлкен қадамдар жасап келеді. Басшылықтың басты мақсаты – заманауи технологиялар арқылы сапалы қызмет көрсетіп, инновациялық серпінді компанияға айналу.

 

Қостанай облыстық филиалының директоры Тілеугүл Имашева өз сөзінде пошта саласының қоғамдағы маңызын атап өтті:

«Пошта – халықты жақындастыратын, қоғамның бірлігін арттыратын сала. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл қызметтің маңызын ерекше атап өткен болатын. Ауыл-аймақтарда ақпарат алмасуды жеделдетіп, әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуына ықпал етеді», – деді ол.

Облыс бойынша 900-ден астам пошта қызметкері еңбек етеді, оның 250-і Қостанай қаласында. Қазіргі таңда өңірде 3 қалалық және 15 ауылдық бөлімше жұмыс істейді. Жыл басынан бері көрсетілетін қызмет көлемі былтырмен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Қабылдау, жеткізу, сұрыптау секілді қызметтер күнделікті қарқын алып келеді. Қазпошта электрондық сауда жүйесіне де белсенді араласып, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге бет бұрып отыр.

blank blank blank blank
Мереке аясында облыс аудандары мен қалаларында түрлі мәдени және кәсіби іс-шаралар ұйымдастырылды. Қызметкерлерге алғыс хаттар мен марапаттар табыс етілді. Бұл іс-шараларға серіктес ұйымдар да атсалысты. Атап айтқанда, «Хоум Кредит Банк», «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Ұлттық банк сынды мекемелердің қолдауы ерекше болды.

blank

Мерекелік жиында Қостанай қалалық филиалының сұрыптаушысы Галина Миллер «Үздік сұрыптаушы» атағына ие болды. Ол бұл қызметте 12 жылдан бері еңбек етіп келеді.

«Біздің жұмыс – халыққа баратын ақпарат пен өнімді соңғы сұрыптаудан өткізу. Қатесуге жол жоқ. Өзімді еңбекте бақытты сезінемін. Екі ұлыммен кешкі серуенге шыққанда, осы жұмыстың жемісін шын мәнінде сезінемін», – дейді Галина.

Сыйлықты табыстаған «Қостанай таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин пошта қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, редакция жұмысының пошта саласымен тығыз байланысты екенін атап өтті:

 

«Ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу – біздің ортақ міндетіміз. Сіздер – билік пен қоғам арасындағы алтын көпірсіздер», – деді ол.

«Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызының атынан Федоров аудандық пошта бөлімінің қызметкері Ольга Валеева мен Амангелді аудандық пошта бөлімінің жүргізушісі Марат Жиренбаевқа алғыс хаттарды табыс етті.

blank

Бүгінгі жетістіктердің барлығы – сала қызметкерлерінің ерен еңбегі мен болашаққа деген сенімінің нәтижесі. Пошта саласының қарқынды дамуы елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығы үшін маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Диана Алмасқызы