Қазіргі таңда заманауи пластикалық жақтаулары бар терезелер тапсырыс бойынша толық жеткізіліп, мамандар іске жұмыла кірісті. Әкімдік ғимаратының терезелерін алмастыру үшін облыс қазынасынан 56 миллион теңге қаржы қарастырылған. Құрылыс мердігері ақтөбелік «Жұманов» жеке кәсіпкерлігі.

«Бұл ғимарат сонау 1978 жылы салынған. Содан бері терезелері ауыстырылмаған. Биыл сәтін салып, есік-терезелерін жаңа үлгіде жабдықтап жатырмыз. Бас- аяғы 115 терезе жаңартылады. Түрлі функциялары бар жаңа терезелер қолданысқа қолайлы», – дейді Арқалық қаласы әкімі аппаратының шаруашылық бөлімінің басшысы Асхат Хасенов.
Биыл әкімдік ғимаратының алаңына толықтай төсемтас салынғанын да айта кетейік. Арматурасы шығып жататын бетон төсемдер тарих қойнауына кетті.
Жаңа терезелер жылуды жақсы ұстайды. Шаруаға мығым Асхат Аманжолұлы бауырымыз алдағы жылы қаланың басты ғимаратының сыртын толық қаптауды жоспарлап отырғандарын айтады. Себебі, нысан көптен жөндеу көрмегендіктен төбесі, іргесі, сырты тозып тұр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
