Елорда төрінде өткен Мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиында Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Александр Шерцердің еңбегі ерекше аталып өтті. Көп жылғы табанды еңбегі мен білім саласына қосқан үлесі үшін ол «Шапағат» медалімен марапатталды.
Жоғары марапатты Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова салтанатты түрде табыстады.
Бұл марапат – тек жеке ұстаздың ғана емес, бүкіл педагогикалық қауымдастықтың абыройын арттыратын елеулі оқиға. Александр өзінің кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігімен, заманауи білім беру әдістерін жетік меңгеруімен және шәкірттерге деген қамқор қарым-қатынасымен әріптестеріне үлгі бола білді.
Айта кетейік, 2024 жылы Александр Шерцер «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанып, еліміздің үздік педагогтарының бірі ретінде танылған болатын. Бұл – оның білім беру саласында жүзеге асырған жаңашыл жобалары мен шәкірттерінің жетістіктерінің жемісі.
Оның кәсіби шеберлігі, үздіксіз ізденісі мен жаңашыл көзқарасы – жас ұрпақтың сапалы білім алуына үлкен септігін тигізіп келеді. Оқушылардың тек пәндік білімін ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қабілеттерін, сыни ойлау мен заманауи технологияларды тиімді пайдалану машықтарын дамытуға ерекше көңіл бөледі.
