Биылғы жылдың сегіз айында Қостанай қаласының қазынасына 70 000,0 млн теңге кіріс кірген. Жоспар 2 750,0 млн теңгеге артығымен орындалыпты. Бюджет қаражатын арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар туралы шаһар басшысы Марат Жүндібаевтың төрағалығымен бүгін өткен аппарат кеңесінде айтылды.
Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Азамат Қожықов бюджеттің кіріс көлемінің жоспары 104,1 %-ке атқарылғанын айтты. Кірістің 67 000,0 млн теңгесі салық есебінен түскен.

Әсіресе, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер көрсеткіші жоғары. Аталмыш басқарма жыл басынан бері берешектерді өндіріп алу, жалақы қорын ұлғайту бойынша салық төлеушілермен нақты жұмыс істеп, салықты әкімшілендіру, салық есептілігін тексеру және камеральдық бақылау жүргізген. Нәтижесінде кіріс көлемі өсіп, жоспар артығымен орындалып отыр. Осылайша, жергілікті бюджетке 3 610,0 млн теңге қосымша кіріс кірген.

«Кәсіпкерлік нысандары мен иелерін тексеру нәтижесінде 95 заңбұзушылық анықталды. Тіркеусіз жұмыс істеу, бақылау-кассалық аппараттардың болмауы, кассалық чекті бермеу деректері тіркелді. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің шекарасынан өткен кезде тауарларды тіркеусіз және ілеспе шот-фактурасыз әкелудің 170 фактісі белгілі болды», – деді Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Азамат Қожықов.
Қалалық кірістер басқармасы салық салу базасын кеңейту және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспары бойынша да жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Уәкілетті органдармен өзара бірлесе өткен сегіз айдың ішінде жергілікті бюджетті 274 млн.тенге қосымша қаражатпен қамтыды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айдана МАРАТ
