Міржақып тойы аясында халықаралық «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесіне старт берілді. ҚР Парламенті Мәжілісінің, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов және облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысты.
Әлемде теңдесі жоқ ат марафоны 2022 жылы басталған-ды. Бүгін Жақаң тойына орай қайта жаңғырып, елдің әр түкпірінің және Ресей (Кабардин Балқар), Қырғызстан елдерінің командаларының басын қосты.

«Бәйге десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. «Ұлы дала жорығы» рухымызды асқақтататын іс-шараға айналды. Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай осындай ауқымды іс-шараның өтуі ұлт спортын ұлықтаудың, тарихқа тағзым, тұлғаға құрмет көрсетудің іс жүзіндегі көрінісі. Шабандоздарға сәттілік тілейміз. Мерейтойымыз құтты болсын!» – деді Ерлан Қошанов.
Марафон-бәйге осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. Осы жылдары жалпы қашықтығы 4 мың шақырым еңсерілген. Бұл рекорд бүгіннен бастап жаңарып, жоба тарихының жаңа беттері жазылмақ.

«Бұл бәйге – халықаралық деңгейде ат туризмін дамытуға бағытталған маңызды қадам, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – Мемлекет басшысының тапсырмасымен ат спортын дамытуға ерекше ден қойылып келеді. Соның ішінде Қостанай тұқымын сақтап қалу үшін арнайы заң қабылданғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі аламанда да Қостанай тұқымы додаға қосылады. Торғайда бастау алғалы отырған бәйге ел мерейін көтеретін оқиға. Шабандоздар, жолдарыңыз жеңіл болсын! Қасиетті Торғай рухы биік, мәртебесі үстем, мерейтой құтты болсын».
Сонымен, ұзын саны 18 команданың шабандоздары атқа қонып, киіз үй қалашығы басынан жолға шықты.

Алдын ала белгіленген маршрут бойынша, марафоншылар Жақаң кесенесі орналасқан Бидайық ауылына барып, ары қарай Арқалыққа жол түреді.
Жоспарға сай, 500 шақырымдық марафон-бәйге 25 қыркүйек күні аяқталады.
Толығырақ кейін ақпарат беріледі.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев
