Қостанай облысына жұмыс сапарымен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов келді. Сапар аясында вице-министр өңірдегі құрылыс, тұрғын үй және инфрақұрылым салаларының жай-күйімен танысып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Министр орынбасары атап өткендей, бүгінде елімізде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – басты басымдықтардың бірі болып отыр.
«Мемлекет басшысы экологиялық мәдениетті дамытуға ерекше назар аударып отыр. 2024 жылы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітілді. Іс-шаралар биыл он айдың ішінде жүзеге асырылуы тиіс деп тапсырма берді. Халықтың урбанистік ортасының сапасын арттыру, елді мекендердің сыртқы келбетін жақсарту – осы тұжырымдаманы орындаудың маңызды бағыты болады», – деді Қуандық Қажкенов.

Министр орынбасырының айтуынша, жаңадан енгізілген стандарттар қалалардың келбетін жақсарту мен тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Атап айтқанда, демалыс орындары мен кешенді базалар салу, көпшілік жиналатын аумақтарды көгалдандыру, әлеуметтік нысандарда инженерлік жүйелердің ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – басты назарда.
«Қалалардағы көлік өтетін жолдар екі жаққа да ыңғайлы болуы керек. Жан-жағын абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіледі. Әрбір тұрғын үй жобасы құрылыс кодексіне сай болуға тиіс. Келісімшарттар заңды реестрлер арқылы рәсімделіп, есепшот жүйелері жіті бақылауда болуы қажет», – деп нақтылады вице-министр.
Құрылыс саласындағы алаяқтық фактілердің алдын алу үшін де нақты шаралар қабылданып жатыр. Қосарланған пәтер сату жағдайлары кездесіп отырғаны да айтылды. Осыған байланысты тұрғындардан өтініштерді ресми электрондық пошта арқылы жіберу сұралады. Өрт қауіпсіздігі жүйелерінің тұрақты бақылауда болу керектігі атап өтілді.

Вице-министрмен келген ҚР «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Шоқанұлы Күздібаев та өңірлердегі құрылыс жұмыстары жайлы пікір білдірді.
«Қазір жергілікті әкімдіктермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Аудандық жерлердегі құрылыстарды қаржыландыру арқылы кешенді дамуға жол ашып отырмыз. Әсіресе, қалалар мен аудан орталықтарындағы көпқабатты үйлердің 40-50 пайыздан астамының салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Соларды жаңарту, заманауи әрлеу жұмыстарын жедел қолға алу жоспарда», – деді Алтай Күздібаев.
Осы секілді ескі өндіріс орындары шоғырланған аймақтарда пайдаланылмай жатқан кеңістіктердің көп екені айтылды. Компания басшысы бұл аумақтарды тазартып, туристік базалар мен демалыс аймақтарын салу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін жеткізді.
Қостанай облысы инфрақұрылымдық және урбанистік жаңғыру кезеңіне қадам басып отыр. Сапар аясында айтылған міндеттер мен ұсыныстар алдағы уақытта өңірдің көркі мен тұрғындардың өмір сапасына оң әсерін тигізбек.
Айбек ЖҮЗБАЙ
