Осы жылдың шілде айында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында Allur автомобиль компаниясының ақпараттық қауіпсіздік басқармасының мамандары «Kaspersky зертханасының» өкілдерімен бірлесіп өңірдегі курсанттар мен студенттерге арналған киберқауіпсіздік бойынша интерактивті тренингтер сериясын өткізді.
Алғашқы тренинг Allur University аумағында ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының ақпараттық қауіпсіздік кафедрасының курсанттары мен оқытушыларының қатысуымен болды( Практикум KIPS (Kaspersky Interactive Protection Simulation) ойын-симуляциясы форматында ұйымдастырылып, онда қатысушылар топтар құрып, кибершабуылдарға қарсы шешім қабылдап, виртуалды компанияның беделін қорғап, ақпараттық қауіпсіздік стратегиясын әзірледі.

Сол күні дәл осындай ойын-симуляция Қостанай автомобиль көлігі колледжінде де өткізілді.
Айта кету керек, бұл оқу орнында 2025 жылдан бастап алғаш рет «Ақпараттық қауіпсіздік технигі»мамандығы ашылған болатын. Аталған бағыттағы мамандарды даярлау өңірдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруда айрықша маңызға ие.

Бұл түлектерге ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті құзыреттерді меңгеруге жол ашып қана қоймай, сонымен қатар өңір кәсіпорындарын қарыштап дамып келе жатқан, болашағы зор саланың білікті кадрларымен толықтыруға жол ашады.
«Қызметкерлерді оқыту және олардың хабардарлығын арттыру – ақпаратты кешенді қорғау жүйесін құрудың ажырамас бөлігі. Біздің тренинг командалық рухты, бәсекелестік элементтерді және көшбасшылық қасиеттерді дамытуға көмектеседі. Біз қатысушыларды кибершабуылдардың барлық түрлерімен таныстырып, киберқауіптерден қорғау әдістерін түсіндіреміз», – атап өтті Allur компаниясының ақпараттық қауіпсіздік басқармасының бастығы Қазыбек Ратаев.
Өткізілген іс-шаралар болашақ мамандарды даярлау саласында бизнес пен білім беру ұйымдарының белсенді өзара іс-қимылының үлгісіне айналды.

Allur мен «Kaspersky зертханасының» бірлескен бастамасы киберқауіпсіздікті қазіргі заманның ең өзекті және технологиялық салаларының бірі ретінде дамытудың маңыздылығын көрсетеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – Allur компаниясының баспасөз қызметі
