Футболдан Қазақстан кубогының ширек финалы ойындарының аясында Қостанайдың “Тобылы” кеншілер командасын қабылдады.
Сары-жасылдар кездесу басталысымен шабуылға лап қойғанымен ойынның бірінші бөлігінде “Шахтер” қақпасының саңылауын таба алмады. Екінші таймда “Тобыл” бапкері алаңға негізгі құрамнан бірден төрт ойыншыны қосты. Алаңға шыққан Милиан Вукадинович допты алып алға ұмтылды. Бір қорғаушыдан өтіп, ортадағы Игорь Сергеевке берді. Шабуылшы айналып жақын тұстан қақпаға шірене тартты.
Ойынның негізгі уақыты аяқталар тұста Ислам Чесноков ортадан әуелеп келген допты басымен қақшып алға ұмтылды. Бір қорғаушыдан айласын асырған ол құлап бара жатып допты қақпаға сырғытты. Осылайша, ширек финалдың алғашқы ойыны 2:0 есебімен “Тобылдың” пайдасына шешілді. Қай Команданың жартылай финалда өнер көрсететіні жауапты кездесуде анықталады.