Кітапханашылар ардагерлерге “Қостанай таңы” газетін жаздырып берді

Кітапханашылар ардагерлерге “Қостанай таңы” газетін жаздырып берді

21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай кітапханашылар ардагерлерге тарту жасады. Олар “Қостанай таңы” газетінің 10 данасын жаздырып берді.

Лев Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана жыл сайын мереке қарсаңында мазмұнға бай түрлі іс-шара ұйымдастырады. Биыл кітапхана саласында ұзақ жыл қызмет істеп, зейнетке шыққан ардагерлердің құрметіне акция ұйымдастырып, облыстық басылымға жаздырды.

– Өңірімізде, соның ішінде Қостанайда қазақ тілді оқырмандардың қатары көбейгені керек. Қазақша оқитын ұрпақ – біздің болашағымыз. Оқуға құштар болған адамнан жақсы азамат шығады. Үлкен буынды да ұмытпаған жөн, мерекеге орай зейнеткерлерімізді бр серпілтіп қоюды абзал көрдік, – дейді кітапхана басшысының орынбасары Сәлима Сәбитқызы.

Газетке жазылғанын анықтайтын түбіртектерді ұйымдастырушылар зейнеткерлердің үйіне арнайы апарып табыстады. Ізгілікті акцияның куәгері болу үшін кітапхана қызметкерлерімен бірге Шәрипа Омарова әжейдің үйіне бардық. Қала шетінде тұратын зейнеткер бізді жылы қарсы алып, алғыс-рахметін білдірді.

– Сарыкөл аудандық кітапханасында ұзақ жыл қызмет істеп, бертін келе директорлықтан зейнетке шықтым. Руханият ордасында жүргенде неше түрлі газеттер келетін. Шетінен алып оқи беретін едік. Зейнетке шыққан соң одан қол үзіп қалғанымыз рас. Алайда, әлеуметтік желі арқылы “Қостанай таңы” газетінің сайтына кіріп тұрамын. Журналистердің тұшымды, мәнді мақалаларын жібермей оқып жүремін. Енді газетті қолға ұстап оқитыныма шын жүректен қуаныштымын, – деп лебізін білдірді Шәрипа әжей.

Суреттердіі түсірген автор.

Жаңалықтармен бөлісу