Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Ақбөпе Манатова әкімдікте өткен жиында баяндады.
Биыл әлеуметтік көмек көрсетуге 707,6 млн теңге бөлінген. Оның 638,8 млн теңгесі қалалық бюджеттен, ал 68,8 млн теңгесі облыстық бюджеттен.
Қыркүйектің біріне дейін бұл көмекті 6411 азамат алып үлгерген. Оларға жалпы сомасы 503,7 млн теңге төленді. Былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда төлемдер көлемі артқан, бұл ең алдымен айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюымен байланысты.
«Материалдық көмек ең алдымен әлеуметтік маңызы бар науқастығы бар азаматтарға көрсетіледі. Мәселен, туберкулезбен ауыратын 92 адам ай сайын 39 320 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Ал АИТВ жұқтырған тоғыз балаға 117 960 теңге көлемінде ай сайынғы көмек тағайындалған», – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге де ай сайынғы көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда бұл көмекті мыңнан аса ардагер алып отыр, жалпы төлем сомасы –100,6 млн теңге.
«Жыл сайын Жеңіс күніне орай ардагерлер мен оларға теңестірілгендерге біржолғы төлем беріледі. 2025 жылы 752 ардагер жалпы сомасы 72,7 млн теңге алды. Бұған қоса, мүгедектігі бар адамдарға жылына екі рет емделуге және медициналық тексеруден өтуге шығындарын өтеу үшін 196 600 теңге біржолғы көмек төленеді. Өрт салдарынан зардап шеккен 14 адамға 5,5 млн теңгекөлемінде көмек берілді. Ал жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен 392 адамға 23,1 млн теңге төленді», – дейді ол.
Биыл әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Айтар болсақ, Ауған соғысы ардагерлеріне – төлем 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көтерілді. Чернобыль апаты ардагерлеріне – 100 мың теңге мөлшерінде көмек тағайындалды. Жеңіс күніне соғыс ардагерлеріне – төлем көлемі 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін артты.
«Семей полигоны зардап шеккендеріне берілетін көмек те екі есеге ұлғайды. Пробация есебінде тұрған азаматтарға берілетін біржолғы көмек 2 АЕК-тен 10 АЕК-ке, яғни, 39 320 теңгеге дейін артты», – дейді Ақбөпе Манатова.
Баяндамашының айтуынша, әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы барлық шаралар мұқтаж азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге бағытталған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
