Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасы – ұлттық қауіпсіздік кепілі

Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасы – ұлттық қауіпсіздік кепілі

Президенттің биылғы Жолдауында көптеген өзекті мәселе қозғалды. Солардың ішіндегі маңызды бағыттардың бірі – су мәселесін шешу.

Мемлекет басшысы Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасауды тапсырды. Бұл бастама елдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономиканың өркендеуіне тікелей ықпал етпек.

Соңғы жылдары осы салада институционалдық негіз қалыптасты: Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Енді олардың алдында ауқымды міндет тұр. Су – стратегиялық ресурс. Оны үнемдеп пайдалану, дұрыс есепке алу және әділ бөлу – ел болашағына қатысты аса маңызды іс.

Президент атап өткендей, қазірдің өзінде шешімін күткен проблемалар аз емес. Кейбір каналдардағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатыр. Есепке алу технологиясы ескірген, ал су тарататын орындарда заманауи құрылғылар жоқ. Бұл жағдай бақылауды әлсіретіп, су теңгерімін нақты жоспарлауға кедергі келтіреді.

Осыған байланысты жаңа цифрлық платформа жасанды интеллект негізінде жұмыс істеп, жерүсті және жерасты сулары туралы толық мәлімет жинақтайды. Сондай-ақ каналдар, су қоймалары мен бөгеттердің жағдайы жөніндегі ақпаратты қамтиды. Жоба іске асқанда гидрогеологиялық мониторинг толық шешімін тауып, ұлттық су теңгерімін жасауға жол ашылады.

Бұл бастама тек технологиялық жаңғыру ғана емес, ұзақ мерзімге арналған су саясатының берік іргетасы. Президент кәсіби кадрларды даярлау, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды шығару қажеттігін де баса айтты. Өйткені су мәселесін тиімді шешу – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, ұлттық қауіпсіздікті қорғаудың басты факторы.

Меңсұлу Малаева,
«Байтақ» жасылдар партиясының
Қостанай облысы филиалы төрағасы