Башқұртстан желегі бағымызда жайқалмақ

Башқұртстан желегі бағымызда жайқалмақ

Биыл күзде Қостанай қаласында Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Ауқымды іс-шараға дайындық шеңберінде облыс орталығында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде қала көшелерінде жас көшеттер отырғызылуда.

“Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” демей ме біздің халқымыз. Қостанай қаласының көшелерінде жаппай жас көшеттер отырғызу жұмыстары басталғанын байқап жүрген шығарсыз. Облыс орталығында жасыл желек аумағын ұлғайту үшін қарағай көшеттері арнайы Башқұртстан елінен әкелінді. Бұл жайында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Сәбитов журналистермен кездесуінде айтты.

– Облыс, қала әкімдері және басқарма, бөлім басшыларынан құралған арнайы комиссия қаланы аралап шықты. Сапар барысында абаттандыру туралы шешім қабылданып, көшет отырғызуға тиісті жеті көше таңдалды. Олар: Бородин, Леонид Беда, Досжанов, Дөненбаева көшелері, Тәуелсіздік, Абай және Назарбаев даңғылдары. Қостанайда көгалдандыру бағытында бірінші рет осындай қомақты қаражат, 600 млн теңгедей бөлініп отыр. Бұл ретте облыс әкіміне алғыс айтамыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастық форумының арқасында қаламыздың жасыл желегін жаңартып алуға мүмкіндік туып отыр, – деді ТКШ бөлімінің басшысы Данияр Сәбитов.

Бүгінде қала көшелерінде биіктігі үш метрге дейін жететін Башқұртстан қарағайлары жайқалып тұр. Көшеттерді белгілі бір елден алу қажет деген талап қойылған жоқ. Жыл сайын қажетті көшеттер Басаман орман шаруашылығынан алынатын. Биыл ондай мүмкіндік болмай тұр. Себебі, жергілікті орман шаруашылығындағы көшеттер Аманқарағайдағы өртенген алқапқа отырғызылды. Басы артық көшет жоқ. Сондықтан, өңірдің климатына сәйкес келетін қарағай көшеттерін Башқұртстан елінен алдыруға тура келді.

– Көшеттерді Башқұртстан елінен алу туралы шешімді мердігермен бірге кеңесе отырып қабылдадық. Аталған елдің ағаштары сапасы мен саны жағынан өте жақсы бағаланады. Қарағай қылқанжапырақты мәңгі жасыл өсімдік түріне жатады. Қысы-жазы бір түсте тұратындықтан, эстетикалық жағынан да қарағай көшеттерін отырғызу ұтымды болмақ. Біздің ағаштар жеті ай бойы жапырақсыз, сидиып тұрады. Ал, қарағай жылдың төрт мезгілінде жап-жасыл қалпын сақтайды. Жас көшеттерді отырғызған соң, мердігер ұйым үш жыл бойы күтіп-баптайды. Ол туралы арада келісім-шарт жасалған. Егер, көшеттер өспей қалса, қайтадан отырғызуға кепілдік беріп отыр, – деді Данияр Сәбитов.

Уақыт өткен сайын ағаштар да қартаяды, ескіреді. Тіршілігін тоқтатқан ағаштарды дер кезінде кесіп, жойып, орнына жас көшеттер отырғызу қажет. Әйтпесе, қураған ағаш көрер көзге түрпідей тиіп, экология
ға да пайдасыз болып қалады. Ескінің орнын басқан Башқұрт-стан қарағайлары болашақта Қостанай көшелеріне көрік берсе дейміз.

 

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

Жаңалықтармен бөлісу