Басты мақсат – егінді уақтылы және шығынсыз жинап алу

Басты мақсат – егінді уақтылы және шығынсыз жинап алу

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов күзгі-қысқы кезеңдегі жауын-шашын мен көктемдегі ылғал жинау жұмыстары жақсы өскіндердің пайда болуына ықпал еткенін атап өтті.

Жазғы жауын-шашын да уақтылы түсіп, өсімдіктердің өсуі мен дамуына оң әсерін тигізді деді.

«Облыс бойынша дәнді дақылдардың 38%-ы әлі масақтану және гүлдену сатысында тұр. Дәнді дақылдардың 57%-ы сүт және сүт-балауыз пісу сатысына жеткен. Бес пайызы балауыз пісу сатысында, бұл олардың жинауға дайын екенін көрсетеді. Дәнді дақылдарды қорғау жұмыстары егін жинау науқанына дейін жалғасады. Яғни гербицидтер, пестицидтер, фунгицидтер қолданылып, механикалық өңдеу жүргізіледі. Егін жинауды ұйымдастырудың келесі қадамы – техниканы дайындау. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, екінші жыл қатарынан «ҚазАгроҚаржы» арқылы «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы 120 млрд теңге бөлініп, 1 300-ден астам техника бірлігі сатып алынды. Осының арқасында облыстың машина-трактор паркі 6%-ға жаңартылып, егін жинау науқанына дайын. Биылғы жылы бөлінген сома 2 еседен астамға ұлғайтылды. Шаруашылық субъектілері бұл бағдарламаны пайдаланып, өнімділігі жоғары техниканы сатып алуы тиіс», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Астық жинау кезінде жанар-жағармайдың болуы басты рөл атқарады. Өңір басшысы оны жоспарға сәйкес соңғы уақытқа қалдырмай, сатып алу қажет екенін жеткізді. Облыстың астық жинау және күзгі дала жұмыстарына 83 мың тонна дизельдік отын бөлінген. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1 литрі 254 теңгеден сатылады.

blank

Бұл нарықтық бағадан едәуір төмен. Бүгінгі күні облысқа 9,1 мың тонна дизельдік отын түсірілді. Отынды жеткізу бойынша жұмыс жалғасуда. Барлық элеваторлар, астық қабылдайтын пункттер және қоймалар да жаңа өнімді орналастыру үшін әзір.

«Біз қазірден бастап 2026 жылғы өнімді жоспарлауымыз керек, себебі оның негізі биыл қаланады. Сондықтан басты мәселелердің бірі – минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін арттыру. Минералды тыңайтқыштарға қатысты барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Олардың құнын 60%-ға дейін арзандатуға 10 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Үкімет резервінен – 6,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 3,5 млрд теңге. Бүгінгі таңда егіннің жақсы жағдайы фермерлердің жүйелі жұмысы мен мемлекеттің қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Бұл қолдау техникамен көмек көрсету, субсидиялар беру және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету сияқты шараларды қамтиды», – деп атап өтті өңір басшысы.

Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 207 млрд теңге бөлінді. Бұл  2023 жылдың көлемдерінен екі есе артық. Қаржыландыру алғаш рет көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін ерте іске асырыла басталғанан атап өткен жөн. Көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдікпен несиелендіру үшін 62 млрд теңге бөлінді. Бұл диқандарға тұқымдарды, тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға, техниканы дайындауға және барлық қажетті шараларды сапалы өткізуге мүмкіндік бермек.

Жиын соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы басқармасы аудан және қала әкімдерімен бірлесіп егін жинау науқанын барынша тиімді өткізуді, техника мен қоймалардың дайындығын қаперде ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне қажетті жанар-жағармай көлемін бақылауға алуды, әрбір жеке аула шаруашылығының жем-шөппен қамтамасыз етуді тапсырды.

Сералы МЫРЗАБАЙ 

Суретке түсірген Бердіболат Көркембаев