Сыннан – сабақ. Рудныйда көп қабатты үйлердің терезелеріне жаппай бекіткіш орнатылып жатыр

Сыннан – сабақ. Рудныйда көп қабатты үйлердің терезелеріне жаппай бекіткіш орнатылып жатыр

Рудныйда балалардың терезеден құлау оқиғасы жиіліген соң қала әкімі Виктор Ионенко терезелерге бекіткіш орнатуға тапсырма берген еді. Қазір бұл жұмыс белсенді жүріп жатыр.

Бүгінде кеншілер қаласында 7 жасқа дейінгі 5200 бала бар. Өкіншіке қарай, маусым айында үш, шілдеде тағы да үш бала терезеден құлап кеткен.
Мұның себебі – балалардың қараусыз қалуы және қауіпсіздік шараларының сақталмауы. Осыны ескеріп, шаһар басшысы жеті жасқа дейінгі балалары бар үйлерді аралап, сақтық шаралары туралы үгіт-насихат жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ екінші қабаттан бастап баласы бар үйлердің терезелеріне бекіткіш орнатуды міндеттеген. Бұл жұмыстар басталып та кетті. Терезе бекіткіштер қымбат тұрмайды – 800 теңге. Бір терезеге орнатуға 3-4 минут уақыт кетеді. Ал әкімдік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бекіткіштерді өздері сатып алып беріп жатыр.blank

«Бекіткіш 800 теңге ғана тұрады. Біз бүгінде барлық ата-ананы міндетті түрде осындай құлыптау құрылғыларын орнатуға шақырамыз. Олар арзан, орнатуы оңай. Біз мектеп-балабақшаларда осындай жұмыстарды жүргізу үшін үлкен жұмыс атқардық. Қазір 450 құрылғы орнатамыз. Барлығына бірдей көмектесе алмаймыз. Шын мұқтаж, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға сатып алып береміз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қатарында 135 пәтер анықталды», – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.

blankБекіткіш кілтке жабылады. Терезені шамалы ашып қоюға болады. Үлкен адам болмаса, кішкентай баланың бекіткішті үзуге күші жетпейді. Төтенше жағдайлар басқармасының, полиция өкілдері әр пәтерге кіріп, 8 мыңнан астам буклет таратқан.blank
Біз болған Парковый көшесіндегі көп пәтерлі 106-үйдің үшінші қабатында Людмила Брух есімді әйел тұрады. Оның үш баласы ересек, қалған екі егіз баласының ерекше қажеттілігі бар. Әкімдік бұл пәтердің терезелеріне тегін бекіткіш орнатып берді.blank

«Балаларым үнемі қасымда. Көп уақыттары қосымша білім беру мекемелеріне барумен өтеді. Қалған күндері жанындамын. Екі балама да үнемі «терезеге жақындауға болмайды» деп ескертіп отырамын, олар оны түсінеді. Алайда оқыс жағдай аяқ астынан болады ғой. Сол себептен бекткіштерді орнатып бергендері дұрыс болды», – дейді Людмила Брух.

blankblankҚалалық Төтенше жағдайлар басқармасы балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу үшін қырықтан астам рейд өткізген. Рейд барысында 89 үй қамтылды.

«Қызметкерлер пәтерлерді аралап, 426 азаматқа балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу нұсқаулықтары бар жадынамалар таратты. Сондай-ақ 16 білім орнында аталған тақырып бойынша 289 адамды қамти отырып, түсіндіру-ақпараттандыру щаралары жүргізілді. Жергілікті бюджет есебінен бұғаттағыштар сатып алынды. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға аталған қондырғыны орнату жалғасып жатыр», – дейді қалалық ТЖБ бастысы Азамат Ағатай.

blankДәл осындай іс-шаралар Қашар кентінде де жүргізілу үстінде. Рейд барысында тұрғындарға үнпарақтар таратылып, сақтық шаралары және терезелерге шектегіштер орнату қажеттілігі айтылып жатыр. Кентте 20 үй және 67 адам қамтылған.

«Сондай-ақ дауыс зорайтқыш құрылғының көмегімен халыққа қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі еске салынды. Әкімдіктің ресми сайтында осы тақырыпқа сай жадынама және ақпараттық мақала орналастырылған. Халық арасындағы түсіндіру жұмыстары жалғаса бермек», – дейді Азамат Ағатай.

Сералы МЫРЗАБАЙ