Қостанайлықтар нашақорлыққа қарсы бағытталған ауқымды іс-шарада алты шақырымды жүзіп өтті

Қостанайлықтар нашақорлыққа қарсы бағытталған ауқымды іс-шарада алты шақырымды жүзіп өтті

Жарысқа барлығы 30 спортшы қатысты. Сайыстың өтуіне мұрындық болғандардың бірі ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы.

blank

Аға жедел уәкілі Айгүл Ерәділованың сөзінше, мұндай акциялар саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, қоғамда нашақорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды іс-шараның бірі.

blank

«Біз ресми акциялардан бас тартып, жастарды шынымен қызықтыратын ерекше форматтағы іс-шаралар өткізіп келеміз. Көздегеніміз – жастарды спортқа баулу, нашақорлыққа қарсы тұрудың тиімді жолдарын көрсету. Спорт – адамды ерік-жігерге тәрбиелейтін, өмірге деген құлшынысын арттыратын маңызды құрал. Биыл бұл жарыс екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Күн райының қолайсыздығына қарамастан спортшылар белгіленген қашықтықты жүзіп өтті. Барлық қатысушыға сый-сияпат таратылды», – дейді Айгүл Ерәділова.

Жүзуге қатысқандардың кішісі 15 жаста болса, үлкені 25 жаста. Барлығы кішкентай күндерінен тритлонмен айналысып, шыңдалған спортшылар. Алдыңғылардың бірі болып мәреге жеткен жүзгіштің бірі – Никита Белашов. Ол спортпен бес жасынан бері айналысады. Ал триатлонмен шұғылданғанына бір жылдан асқан.

blank

 

«Бұл – ең қызық спорт түрі. Қазақстанның көптеген қалаларында болдым. Міне, осындай акцияларға үлес қосып жатырмын. Маған ұнайды. Жалпы, бұл менің осындай екінші қашықтығым. Өткен жылы да осындай қашықтық болған. Дәл жүзудегі менің ұзақ қашықтығым 7 шақырым болған, бірақ ол бассейнде еді. Ал ашық суда 6 шақырым. Акваатлоннан спорт шеберлігіне үміткермін. Бірнеше ай бұрын ғана қол жеткіздім. Сондай-ақ, триатлоннан бірінші спорттық разряд бар», – дейді Никита Белашов.

Қостанай облысының триатлон бойынша аға жаттықтырушысы Юрий Гринев бұл спорт түріне қатысты өз пікірін білдірді.

«Триатлон – бұл тек спорт емес, бұл – өмір философиясы. Біз балалармен бірге нашақорлыққа қарсы бастаманы қолдауға шешім қабылдадық, өйткені жеке үлгі арқылы белсенділік, күш-жігер мен тәртіп кез келген тәуелділіктен әлдеқайда артық екенін көрсетуге болады», – деді ол.

Жүзу барысында спортшылар қысқа үзіліс жасап отырды. Себебі жүзіп өтетін қашықтық оңай болған жоқ. Дегенмен, барлық қатысушы мәреге сәтті жетті, шаршағанымен, көңілдері тоқ. Мәре сызығында оларды полиция қызметкерлері қарсы алып, алғысын білдіріп, «Есірткіге жол жоқ!» деген ұран жазылған жейдешелер мен бас киімдер табыстады. Спортшылардың қауіпсіздігін құтқарушылар қамтамасыз етті.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 47 келіден астам есірткі тәркіленген, оның ішінде 2,5 килограмнан астам синтетикалық заттар бар. Бұл – заңсыз айналымға түспей қалған 8,5 мыңнан астам бір реттік доза. Ұйымдастырушылардың айтуынша, профилактикалық іс-шаралар жалғасын табады. Ең бастысы – жастарға спортпен шұғылдану, денсаулық пен белсенді өмір салтын ұстану – ең дұрыс таңдау екенін жеткізу.

Сералы МЫРЗАБАЙ 

Суреттерді ұсынған ПД баспасөз қызметі