Жанкелдин аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік — әлеуметтік тапсырысы аясында «ЖАЛЫН» Жанкелдин аудандық жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен М. Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған «ЖҮРЕГІМНІҢ ДҮРСІЛІ — ТОРҒАЙ» этно-реалити жобасы басталды.
Жоба әр салада еңбек ететін жастарды тарта отырып, қазақтың ұлттық спорт және ойын түрлерінен сайыстар өткізу арқылы жастар арасында ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтар мен дәстүрді қайта жаңғыртуды көздейді.
Жастарды ұлттық спорт түрлерінен сайыстарға қатыстыру арқылы ұлттық спорт және ойын түрлерімен таныстыру, оның мәнін, ұлттық маңыздылығын ұғындырып, үйретуді басты назарға алған.

Жастар арасында ұлттық құндылықтарға негізделген өңірлік жоба қалыптастырып, өскелең ұрпақты ұлттық спорт арқылы салауатты өмір салтына баулуды мақсат тұтқан.

Жобаның алғашқы күні мергендікті айқындайтын садақ ату сынды ұлттық ойындар, волейбол ойындары және білгілер сайысы Bas-TIME интеллектуалды ойындары көрініс тапты.

Бүгін қазақ кұресі, қой көтеру, арқан тартыс тәрізді ұлттық ойындарға кезек беріліп, еріктілердің «Тазалықты өзіңнен баста» экологиялық акциясы өткізілмек. Тағылымдық-тәрбиелік мәні зор іс-шаралар гала концертпен, марапаттаулармен түйінделеді деп күтілуде.
Мұрат Жүнісұлы
Жанкелдин ауданы
