Мерекелік демалыс қарсаңында көптеген қалалықтың табиғат аясына және саяжайларға демалуға шығатыны белгілі. Бірі отбасымен, енді бірі дос-жарандарымен сейіл құрып, ашық далада от жағып, абайсызда қоршаған ортаға зиян тигізуі де мүмкін. Ал бұның соңы айыппұл арқалаумен аяқталады. Бүгінде Қостанай қаласында осындай 15 дерек тіркеліп үлгерген.
ҚР ӘҚбК 336-бабына сәйкес, от жаққан үшін салынатын айыппұл көлемі – 69 мың теңгеден 1,7 млн теңгеге дейін, сондай-ақ бір жолға ескерту алу мүмкіндігі қарастырылмаған.
“Өрт қаупі өршитін маусым басталғалығ, яғни 4 сәуірден бері облыс орталығы аумағында 19 өрт және 156 күнге күйіп, тұтану деректері тіркелген. Мәселен, 7 мамыр күні “Электр дәнекерлеуші” саяжай қоғамында бірнеше учаске өртке оранды. Жел екпінімен көршілес “Дархан” саяжайына ауыз салып, салдарынан үйшіктер, жеке құрылыстар, бұталар және құрғақ шөп – жалпы аумағы 4 гектар жер өртеніп кетті. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 4 сағаттай күресті”, – делінеді қалалық ТЖБ хабарламасында.
Басқарма мамандары тұрғын үй секторларында және саяжай аумақтарында өрт қауіпсіздігін сақтау үшін мына нұсқамаларды қаперде ұстауды сұрайды:
– шөпті тұтандырмаңыз және қоқыстарды өртемеңіз;
– демалыс орындарында от орындарын, көмір, темекі қалдығын сөндірмей кетпеңіз, шыны құтыларды бейсауат қалдырмаңыз (күннің қызуымен шөп өртенуі мүмкін);
-жанып жатқан отты қараусыз қалдырмаңыз.
Қандай да бір оқыс жағдай болса, құтқару қызметіне 112 нөмірі бойынша хабарласыңыз.