Қостанайлық шебер Астанадағы ұлттық өнер көрмесінде құрметке бөленді

Қостанайлық шебер Астанадағы ұлттық өнер көрмесінде құрметке бөленді

Қостанай қаласының тұрғыны, мәдениет саласының қызметкері Ақерке Аханова Елордадағы әйгілі өнер ұжымының Алғыс хатына ие болды. Ол бірнеше жылдан бері ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарын жасаумен айналысып келеді.

Өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен шынайы ықыласы оны қолөнер жолына алып келді. Бір жыл бұрын бұл хоббиін кішігірім кәсіпке айналдыруды шешті.

– Әр бұйымымда халқымыздың тарихы мен ұлттық өрнектері жатыр. Бұл – мен үшін жай кәсіп емес, ұлттық мәдениетке деген құрметім, – дейді Ақерке.

Жуырда Ақеркеге үлкен шабыт пен жаңа мүмкіндік сыйлаған маңызды оқиға болды. Астана қаласындағы Жастар театрында еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың «Мың бір түн» әпсана желісімен қойылған қойылымының премьерасы аясында сурет және қолөнермен айналысатын жастарға арналған көрме ұйымдастырылды. Қойылымның бас режиссері, танымал өнер қайраткері Нұрқанат Жақыпбай бұл көрмені жастарды қолдау мақсатында өткізген.

Жиырмаға жуық жас өнерпаз қатысқан көрмеге Ақерке де өз жұмыстарын ұсынды. Алғашында ол бұл мүмкіндік туралы Instagram әлеуметтік желісі арқылы білді. Жастар театрының ресми парақшасындағы жазбада әртістер жас шеберлерді шақырып, жұмыстарын жіберуге үндеген екен. Ақерке де іркілмей, ұлттық нақыштағы бұйымдарының суреттерін жолдаған. Іріктеуден сәтті өтіп, көрмеге шақырылғандардың бірі болды.

blank

– Бұл мен үшін күтпеген, бірақ өте қуанышты жаңалық болды. Астанадағы көрмеге қатысу – үлкен мәртебе. Өнерімнің бағалануы – әрі қарай шабытпен жұмыс істеуге үлкен серпін берді, – дейді Ақерке.

blank blank

Ақеркенің Жастар театрымен таныстығы да ерекше. Осыдан шамамен жарты жыл бұрын Қостанайға «Оян, қазақ!» спектаклінде ойнаған танымал актер Бақыт Қажыбаев келген. Сол кезде ол Ақеркеге Жастар театры жайлы айтып, шығармашылық ортамен танысуға мүмкіндік сыйлайды.

«Бақыт ағамыз да осы театрдың әртісі. Елімізде түсірілген кино фильмдерді басты рөлді сомдаған. «Оян қазақ» фильміндегі Міржақып Дулатұлы рөлін ойнаған. «Набат операциясы» киносына түсіп, таяуда Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы кино фестивалінде үздік актер атанды», – дейді Ақерке Дәулетқызы.

Ақерке театрдың рухани атмосферасы мен әртістерінің шынайы өнеріне осылайша тәнті болғанын айтады.

blankБүгінде Ақерке Аханова – ұлттық қолөнерге жан бітіріп жүрген жас шебер. Оның арманы – қазақтың төл мәдениетін заманауи үлгіде жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суретке түсірген Жанел Құттыбай