Арқалық аймағын дүбірге бөлеп, жыл сайын елдің қызығушылығын тудырып жоғары деңгейде өткізілетін дәстүрлі ұлттық «Арқалық барысы» қалалық турнирі биыл да өз жалғасын тапты. Айтулы шара қалалық «Жігер» стадионында ашық аспан аясында киіз үй тігіліп, боз кілем жайылып, үлкен дайындықпен аталып өтілді.Турнирдің ашылу салтанатында еліміздің Әнұраны шырқалып, қала өнерпаздары мың бұралған биімен, күмбірлеген күйімен, әсем әнімен шашу шашты. Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов спортшыларды құттықтап, сан сайыста елдің абыройын асқақтатып, мерейін асырып жүрген жас берен спортшы Нұрсұлтан Қабыланға қала әкімінің «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлығын табыс етті.Жанкүйерлерін жанына көптеп жинаған турнирде спортшылар 2006-2007 жылдары туған жастар арасында түрлі салмақ дәрежесінде және «Түйе палуанға» сынға түсті.
Сайыс қорытындысы бойынша 60 келі салмаққа дейін – Жандос Серкеш, 60 келіден жоғары салмақта – Расул Төленов, 66 келіде – Еламан Қамай, 74 келіде – Ақжол Қазымбек, 82 келіде – Қуанышбек Иманжүсіп жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, көптің делебесін қоздырған «Түйе палуан» сайысында Нұрсұлтан Қабылан жеңіске жетіп, «Арқалық барысы – 2023» атағын алды.
«Ұлттық спорт түрлеріне деген халқымыздың ықыласы зор. Соның бір жарқын көрінісі осы ауыл – аймақтарға дейін қалыс қалмай, дүйім ел болып өткізіп жатқан шараларымыз.
Қаламызда әсіресе «Қазақ күресі» өте жақсы дамыған. Жас буын жеткіншектеріміз көптеп айналысады. Бүгінде Арқалық қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 150-ден астам бала спорттың осы түрінен жаттығады. Олар ел намысын қорғаған жарыстарда үздік шығып, түрлі шоқтықты шаралардан ат оздырып, жүлдемен оралып жүр. Спорт мектебіміздің үздік шәкірттерінің алды еліміздің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетуі – біз үшін үлкен мақтаныш»,-дейді қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков.
Турнир тұғырынан көрінген жеңімпаздар мен жүлдегерлерге және олардың жаттықтырушыларына дипломдар, медалдар және ақшалай сыйлық сертификаттары табыс етілді.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор