Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов 2025 жылдың бірінші жарты жылдығындағы ауыл және ауылдық округтегі халықпен кездесулерін қала тұрғындары алдындағы есеп беруімен түйіндеді.
Арқалық қазақ жасөспірімдер театры ғимаратында өткен әкімнің халықпен кездесуіне қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері, қала прокуроры, қалалық полиция басқармасының басшысы, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде қала басшысы 2025 жылдың 5 айындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы және одан әрі даму перспективалары туралы кеңінен баяндап берді.
Әкім ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес, қаланы дамыту өңірдің өкілді және атқарушы билігінің өзара іс-қимылының есебінен жүзеге асырылатынын алға тартты.
Жалпы, көрсеткіштер бойынша қаланың дамуында оң динамика байқалады. Құрылыс көлемі 4,4%, көтерме сауда 4,6%, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 166,1%,өнеркәсіп 108,3%, негізгі капиталға салған инвестициялар 195,9%, бөлшек сауда 100,7%, ауылшаруашылығы 105,4%-ке ұлғайған.

«Бұл өсімніңсипаты — мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы, жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасындағы тиімді диалогтың нәтижесі екендігін алға тартып, сонымен қатар өңірге инвесторлар сенімінің артқанын білдіреді»,-деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Қала экономикасын дамыту перспективасында өнеркәсіп секторы бойынша 2025-2026 жылдары 6 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Жобалардың жалпы құны 37 миллиярд 378 миллион теңгені құрап, 162 жұмыс орнын қамтиды. Олардың қатарында асфальтбетон зауыты, қиыршық тас өндіретін кешен, ЖЭС (жел электр станциясы) және тері өңдеу кәсіпорындары бар. Жобалар кезең – кезеңмен жүзеге асуда. Кәсіпкерлік саласында да 6 жоба қолға алынды. Жаңалықты 113 жұмыс орны құрылды.
«Бизнес көмек» бағдарламасы бойынша да 8 жоба мақұлданды.
Өңір халқын сапалы ауыз сумен қамту, жылу желілерін қайта құру, кәріз желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табуда. Жолдарды жөндеу, көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын, қасбеттерін жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Биыл 17 көпқабатты тұрғын үйлердің жұмсақ төбе жабынына, 9 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазір бұл жұмыстар жандана бастады.
Қала әкімінің халықпен кездесуінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар да аз болмады.

Қойылған сұрақтардың бәрі әкімнен егжей-тегжейлі қанағаттанарлық жауаптарын алды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
