Қала әкімі Әмірхан Асанов мектепті үздік бітірген түлектерге мемлекет және қоғам қайраткері Ө. Жәнібековтің «Мәдени майдан» атты кітабын сыйға тартты.
Биыл Арқалық қаласы бойынша мектеп бітірген түлектердің 9-ы «Алтын белгі», 9 -ы «Үздік аттестат» иеленіп отыр. Олар пәндік олимпиадалардың, өнер, шығармашылық, спорт салалары бойынша байқаулардың да жеңімпаз — жүлдегерлері.
Әкім түлектерге Өз-ағаңның елімізбен қатар, Торғай өңірінің мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқанын айтып, сол кісінің кітабын оқып, аталарыңдай елге қызмет ететін тұлға болыңдар деп тілегін жеткізді.
Бұған дейін қала әкімімен кездесуде түлектердің бірі «Сіздің соңғы оқыған кітабыңыз қандай?» деп сұрақ қойған болатын. Ол сұраққа қала әкімі Өзбекәлі Жәнібековтің «Мәдени майдан» кітабын оқып жатырғанын айтып,
«Сол кітапты Сіздерге де оқуға кеңес беремін, өте пайдалы кітап», – деп түлектерге осы кітапты сыйға тартуға уәде берген болатын.

«Ата — аналарыңыз барлық жағдайларыңызды жасап, оқытты, өсірді. Енді,сол кісілердің үміттерін ақтап, терең білім алып, білікті маман, жақсы азамат болыңыздар. Жақсы адамдармен араласыңыздар, орталарыңыз жақсы болсын, ол болашақтарыңызға оң әсерін тигізеді. Мен үлкен жетістіктерге жететіндеріңізге сенімдімін», – деді Әмірхан Біркенұлы.
Ел ағасымен болған жылы жүздесуге түлектер ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
