Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясына қатысып келген қостанайлық делегация алған әсерлерін бөлісті. Делегаттар биылғы сессияның ерекшелігіне тоқталып, өз бағаларын берді.
Елорда төрінде өткен сессияға Қостанай облысынан 27 адам барып, қатысқан еді. Делегаттардың құрамында этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар, аналар кеңесінің мүшелері, Ассамблея жастары болды. Сессияның алғашқы күні еркін пікіралмасу форматында басталып, екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Пленарлық отырыспен жалғасты. Аталмыш сессия жылына бір рет ұйымдастырылады. Биылғы жиынға «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбы арқау болды.
Айтжан Кішкентаева, ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшесі:
Мен Ассамблея сессиясына осымен екінші рет қатысып отырмын. Ол жерде көкейде жүрген сан сауалға жауап алдым. Әсіресе, тіл мәселесі, өскелең ұрпақтың тәрбиесі туралы өзекті ойлар, бірегей ұсыныстар айтылды. Алдағы уақытта сессияда қозғалған тақырыптарды аналар кеңесінің жұмысына енгізіп, ары қарай сол бағытта нақты ісшараларды атқармақпыз.
Мұрат Ысқақов, Қостанай облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімнің басшысы:
Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы еліміздегі маңызды ісшаралардың біріне айналды. Биыл мемлекет басшысы ауқымды мәселелерге көңіл бөліп отыр. Көптеген бағыттар бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы одан әрі дамып, ел ішіндегі достық берік орнап, берекебірлігіміздің арта беруіне бәріміз тілекшіміз.
Қымбат ДОСЖАНОВА.