“Жеңіс” – құлаққа балдай тамып, жағымды естілер неткен керемет сөз. Бұл сөздің астарында қаншама еңбек пен тердің, қанша қыршын кеткен жанның көз жасы бар. Сол себептен болар, ғұмырымыздың қас-қағым сәтінде ойып тұрып орын алар, аса үлкен қуанышпен қарсы алатын Жеңіс күнін ерекше атап өтеміз. Жеңіс күні – шынайы патриотизм сезімін оятатын, халыққа рухтық сезім беретін, өткен өмірге үңіліп, тарихымызды тарамдайтын, жеңіс жалауы желбіреген, дәл сол жеңісті сыйға тартқан ардагерге тағзым ететін күн. Осынау тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен гүлденуі де дәл осы мерекенің жемісі. Екі өмір көпірінің ортасында тұрса да, азабы мен қасіреті бір арнада толысса да, еш мүлтіксіз Отан үшін, жер үшін өз өмірін қатерге тіккен қаһарман ата-әжеміздің ерлікке толы істері ел жадында мәңгіге қалмақ.
Менің атам Ермұхамед Қалиев сонау сұрапыл, сұм кезеңде өткен Ұлы Отан соғысының ардагер, майдангер батыры. “Ұлы жеңіс күні – елін қорғаған батыр, жауынгердің айбыны, табандылық пен қайсарлылық қасиеттерінің көрінісі, жеңіске жету жолында тылдағы еңбектерінің мәңгі өшпестігінің айғағы. Бірақ соғыстың қарапайым қараша халыққа қаншалықты қайғы-қасірет әкелгенін көзбен елестету мүмкін емес. Анасы зар жылап баласын іздесе, жұбайы өз ерін таба алмай әлек болса, дүйім жұрт бейбіт өмір жолын іздеу үшін тіптен бас сауғалап кетті”. Бұл кезеңді еске алу бүгін қиынға соқса да, атамның маған жеткен сөзі тек осы болды. Атам 1894 жылы 22 наурызда қазіргі Б.Майлин ауданы Әйет ауылы Ертай қонысында дүниеге келген. Өзінің жұмыскерлік мансабын алтын өндірісі, “Артём зауытынан” бастаған. Аудандық мекемелерде пошташы қызметін атқарып, кейін мал шаруашылығы саласында жұмыс істеді. 1942 жылы соғысқа шақырылып, майданға алынды. Соғыста атамның “почтальон, связист” міндетін атқарғанда неміс әскерінің іс-әрекеттері жайлы КСР әскеріне ақпаратты жеткізуде шекара бойымен жүруге мәжбүр болуының өзі, жеңіске жету ынтасы сол кезеңде адам жанынан қымбат болғандығын аңғартады. Қайсар қайтпас мінезі мен еркіндікке ұмтылған пейілі үшін, Пруссия, Ортельсбург, Морунген, Фрайштадт сыңды қалаларды азат етуде көрсеткен батылдығы үшін Сталиннің қолынан бірнеше мәрте алғыс хат, бірқатар орденге ие болды. Соғыстан атам аман-есен оралып, бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп, 1993 жылы дүние салды.
Атам алып берген жеңіс бүгінде бізді жетістіктерге жетуге жігер, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі. Өскелең ұрпақ ата-баба алдында мәңгілік қарыздар. Отан үшін жас өмірлерін қыршыннан қиюға дайын болған ардагерлеріміздің қатары сиреп келеді. Сондықтан да қолда бар алтынды бағалай білу, ардақты асыл ардагер аталарымызға қамқор болу – өскелең ұрпақтың басты парызы. Қиын-қыстау заманда білектей бірігіп, жұдырықтай жұмылған, қазақ халқының басына күн туғанда жалғыз қу жанын шүберекке түйген, ұлан ғайыр жерін қорғауда үрейге толы жанын шүберекке түйген батырлардың есімдері еш ұмытылмайды. Жеңісті жақындатқан әрбір жанға тағзым етеміз. Олардың жасаған ерліктері мен батырлық істері әр қашан ел жадында!
Раушан Азаматқызы Айтбаева,
Майдангердің жиен немересі,
А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ журналистика мамандығының 1-курс студенті