Назарбаев қоры Қостанайдағы екі бірлестікке 2,5 млн теңгеден демеушілік жасады

Назарбаев қоры Қостанайдағы екі бірлестікке 2,5 млн теңгеден демеушілік жасады

Бүгін Назарбаев қорының өкілдері облыс басшылығымен және қоғамдық бірлестік басшыларымен кездесу өткізді. Жиын аясында қор тарапынан екі бірдей ұйымға демеушілік жасалды.

Қор өкілдері Қостанай облысына іссапармен келгелі бірнеше күн. Түрлі мекемелерде болып, кездесулер ұйымдастырып, ұстаздар, оқушылар, студенттер арасында шеберлік сабақтарын, тренингтер, дебаттар өткізді. Бүгін тұңғыш президент қорының мүшелері екі қоғамдық бірлестікке демеушілік жасауға шешім қабылдады.

«Назарбаев қоры жиырма жылдың ішінде көптеген үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетіп келе жатыр. Облыс әкімдігі басшыларымен ақылдаса отырып, осы өңірдегі екі қоғамдық ұйымға қайырымдылық грантын ұсынуға шешім қабылдадық. Олар – Қазақстан саңыраулар қоғамының Қостанай облыстық филиалы және «Қазақстанның соқырлар қоғамы» ҚБ облыстық филиалына 2,5 млн теңгенің сетрификаттарын табыс еткіміз келеді», – деді қордың атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.

Бұл қаржылай жәрдем аталға бірлестіктерге мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге және материалдық мұқтаждықтарын сатып алу үшін берілді.

«Көмек көрсетіп отырғандарыңызға көп рахмет айтамыз. Бұл – күрделі жағдайға тап болып отырған біздің ұйымға жасалған зор қолдау деп білеміз. Қоғам алдында атқарып жүрген қызметтеріңіз жемісті болсын», – деп алғыс білдірді «Қазақстан саңыраулар қоғамы» ҚБ облыстық филиалының жетекшісі Алтынгүл Алдамжарова.

Айта кетейік, Жастар сарайында Қор сыйлығы лауреаттарын марапаттауға арналған рәсім өтіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласпақ.

Жаңалықтармен бөлісу