Әкеден балаға жалғасқан өнер

Әкеден балаға жалғасқан өнер

Сонау тоқсаныншы жылдардың аяғында облыстық «Жас тұлпар» оқушылар айтысына Марғұлан Оспанов деген жаңа есім отты леп, тың оймен қосылған еді. Торғай дуанының Шилі ауылының шынашақтай тумасы бара-бара қатарының көш басына шықты. Тіпті, әлгі «сары бәлемен» сөз қағыстыруға көп қарсыластың дәті шыдамайтын.

Әлі есімізде, Жанкелдин ауданынан тәлімгері болып Жанар Жұмағұлова сүйреп жүрген бозбала 2003-2008 жылдары Ахаң атындағы білім қарашаңырағынан журналист мамандығын алып шықты. Студент күнінде жас өреннің бағы талай додада жанды. Басында белгілі айтыскер, «Аруана ақын» атанған Әлпия Орманшинаның үлкен мектебінен өткен талантты жас оқуда жүріп Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенованың қолына келді. Талай тастүлекті баулып, бауырына басқан Әсия апайымыз Марғұланның да қанатын қатайтты. Қос ұстаз елгезек, бірақ сөзге ұтқыр ұлын аузынан тастамай, үлгі етіп келе жатыр.

Өнердегі аға ұстазымыз, белгілі ақын, сатирик, отыз жыл бойы «Жас тұлпар» айтысы қазыларына бас болып келген Ғұмар Ахметчиннің мына бір сөзі жадымызда сақталып қалған: «Қазір сахнаға шыққан жас таланттардың ертең барлығы ақын болып кетпесе де, өнер деген ұлы ұғымды қастерлеп жүретін, руханиятымызға, мәдениетімізге жақын жанашыр жан болатынына кәміл сенемін». Қалай тауып айтылған!

Ғұмекеңнің осы тәмсілін Марғұлан Бақытбекұлы тірілткендей. Оқуын аяқтап, қолына дипломын алған соң аз жыл журналистика саласында еңбек етті. Кейін мемлекеттік қызметке барғанда да, сары бала қара домбырасын қолынан тастаған жоқ. Тіпті, сан қыры ашыла түсті. Ақындығы бір төбе, енді әншілігімен, сазгерлігімен таныла бастады. Марғұлан – бір ғана ақын Абылай Мауданов досымыздың сөзіне жазылған «Тотыдайын» әнінің авторы. Бұл шығарманы белгілі эстрада әншісі Төреғали Төреәлі қалай нақышына келтіріп орындады! Бұған қоса, Марғұлан – айтыстың әнұранын жазған талант. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының мүшесі, облыстық меценаттар клубы «Шабыт» сыйлығының лауреаты, Қостанай облыстық композиторлар одағының мүшесі. Есімі аймағымыздың «Алтын кітабына» енген.

Марғұлан Оспанов бүгінде облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің директоры. Мемлекеттік қызмет кейіпкерімізді «шенеунік» қыла алған жоқ. Қашан көрсең – сол баяғы аңқылдаған қалпы. Қарапайымдылық қанында бар емес пе, кешегі Қайнекей, Ахметқан, бүгінгі Серікбай Оспанұлы шыққан елдің азаматтары бетегеден биік, жусаннан аласа болып қалатыны заңдылық. Тіпті, өзінің журналистік саласын тәрк етпей, ұзақ жыл мұрағат, мұражайларды ақтарып, экспедициялық зерттеулерге бара жүріп, жинаған материалдарын топтастырып «Даланың таза бұлағы» кітабын жарыққа шығарды. Ғылымға негізделіп, көпшілікке оқуға арналған бұл жинақ Алматы қаласында өткен «Ұлы Жібек жолымен-2022» Халықаралық көрмесінде «Жылдың үздік кітабы» номинациясын жеңіп алды. Күні кеше ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі топтамаға жоғары бағасын берді.

«Тектіден текті туады» деп бекер айтылмаса керек. Былтырғы «Жас тұлпар» айтысының 30 жылдық мерейтойында сахнаға алғаш шыққан Дінасыл Бақытбек қарсылас шақ келтірмей, жыр додасының жеңімпазы атанды. Ауызынан жалын шашқан бұл сарыүрпек бала – Марғұланның ұлы. Сол жолы Дінасылдың есімі жарқ етіп шықты. Біз біле бермейді екенбіз, алтынның сынығы көзін тырнап ашқаннан өнерге жақын екен. Балабақша заманынан республикалық жас әншілер байқауының екінші орын иегері, Астанада өткен халықаралық «Сиқырлы микрофон» конкурсының лауреаты атаныпты. Бұған қоса, әдебиет саласынан да республикалық байқауда топ жарғаны бар. Тіпті, мектеп табалдырығын аттап жатып ғылыми жобасын қорғап, жеңімпаз болды. Қарап отырсаңыз, дәл әкесі жүрген сүрлеумен келе жатыр. «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туар» деген елдің ұрпағымыз. Тіл-көзден аман болсын!

Ел-жұртқа батагөйлігімен танылған Бақытбек қажы ақсақалдың ұлы, көптің баласы Марғұлан Оспанов алдағы 2 мамырда мүшелден шығып, 37 жасқа толғалы жатыр. Отызға жетпей орда бұзған оғыланның алар асуы алда. Бір анығы, бабадан жеткен сара сөзді келер ұрпағына жеткізіп жүрген дарын иесі талай шәкіртке тәлімгер болатынына сенімдіміз.

Қыдырбек Қиысхан

Жаңалықтармен бөлісу