4 июня, 2025
Анамдай алтын бар ма екен?

Анамдай алтын бар ма екен?

Анамдай алтын адам жер жүзінде жоқ шығар. Ол – көңілі ақ, жүрегі кең, пейілі таза, мейірімге бай жан, мәңгілік мақтанышым!

Аяулы анашымның есімі – Алтыншаш Сырғабаева. Балаларының қамқоры ғана емес, бір әулеттің қадірлі келіні, шаңырағымыздың ұйытқысы, ортасының сыйлы адамы. Ардақты жанның қайбір асыл қасиетін тізе берейін? Өзінен бұрын біреуде болсын деп тұратын, басқаға жаны ашып, бөтеннің жағдайына бет бұратын ниеті даладай кісі. Көп жыл медицина саласында істейтіндіктен де өне-бойына осындай мінез-болмыс тән шығар.

Әкем Болат Сырғабайдың әулеті үлкен, ағайыны көп. Анам осы әулеттің ең кішкі келіні. Жасы 60-қа келсе де әлі күнге дейін келіндік қызметін мүлтіксіз атқарып жүр. Біздің үй қарашаңырақ болғаннан кейін төрімізден қонақ арылмайды. Анам шіркіннің қонақ күтуден шаршаған кезі жоқ. Аузынан «шаршатты, табанымнан таусылып қажыдым» деген сияқты шағым сөзді ешқашан естіп көрген емеспін. Туыс-туған десе, жүрегі алақанға айналып, үнемі бәйек болып жүргені. Мұндай қасиетін айналамыздағы барлық ағайын да жоғары бағалайды.

Біз отбасыда екі баламыз. Менің алдымда әпкем бар. Анам бізді махаббаты мен шапағатына бөлеп, қатардан қалдырмай бағып өсірді. Екеуіміздің де жоғары білім алуымызға күш салды. Магистратурада оқытты. Айтар ақылы мен нақылы да аз болған жоқ. Бала күнімізден: «Ешқашан үлкендердің жолын кеспе, қарсы шықпа, әкеңді сыйла, сөзін екі етпе» деген сияқты тағылымын санамызға сіңірді.

Өмірдегі әр жетістігіміз, әрбір бағындырған белесіміз, қоғамнан лайықты орнымызды табуымыз осы ардақты анамыздың тәлім-тәрбиесі деп білеміз. Баласымен мақтансын деп, әлі күнге алға ұмтылудан танған емеспіз. Өйткені оның қуанғаны – менің қуанғаным!

Анамды мерекесімен құттықтаймын! Арамызда аман-сау жүре бергей!

Байболат Сегізбаев

облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі