«Тобыл» футбол клубы мен облыстық «Қостанай таңы» газетінің бірлескен жобасы – Ораза айының алғашқы күнінде басталған «Мейірім шуағы» қайырымдылық акциясы аяқталды. Ұйымдастырушылар тізімдегі ең соңғы отбасыға азық-түлік қоржынын апарып, айт мейрамымен құттықтап шықты.
Асқар Ибраев – Жангелдин ауданындағы Шеген ауылының тумасы. Қостанай өңіріне көшіп келгеніне бес жылдай уақыт болған. Бүгінде Заречный кентінде тұрады. Жалдамалы баспанада жұбайы екеуі бес баламен өмір сүріп жатыр. Өзі әр жердегі құрылыс нысандарында жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр.
«Қаражатты табудай-ақ табамын. Бірақ ол пәтерақыдан, азық-түліктен және басқа да тұрмыстық қажеттіліктен артыла бермейді. Балаларымның үлкені 12-де, кішкентайым 1 жаста. Осы қасиетті айда қайырымдылық жасап жатқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алла разы болсын», – дейді Асқар Кәдірұлы.
Акцияның соңғы күнінде «Тобыл» ФК спорт директоры, даңқты футболшы Нұрбол Жұмасқалиев өзі бас болып, Ибраевтар отбасына арнайы келіп, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік қоржынын табыс етті. Үй иелері қайырымды азаматтарға ақ алғысын айтып, тәтті сыйлықтарға кенелген балдырғандар мәз-мейрам болысып қалды. Жоба бастамашысы Нұрбол Жәрдемұлының айтуынша, әуелде ай ішінде 89 отбасыға қайырымдылық көрсетіліпті. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы – саяжайда контейнер жалдап күнелтіп, алты бала асырап отырған жалғызбасты әкеге бір футболшы пәтер алып берді. Басқа отбасыларға жасалып жатқан жәрдем сомасы да олқы емес.
«Қоржында ең қажетті азық-түліктен бастап, тәтті тағамға дейін бар. «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген даналық сөз бар ғой. Дегенмен, өздеріңіз сұрап тұрғаннан кейін айтайық, әр қоржынға 50-60 мың теңгеден жұмсалды. Негізгі мақсатымыз қастерлі айда жақсылық жасау, ізгілік пен мейірімділікті насихаттау болды», – дейді Н.Жұмасқалиев.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ