Меңдіқара ауданында мәдениет үйі жөнделіп жатыр

Меңдіқара ауданында мәдениет үйі жөнделіп жатыр

Меңдіқара аудандық мәдениет үйіне соңғы рет күрделі жөндеу 2014 жылы жүргізілген. Одан бері он жылға жуықтады. Бүгінде шатырынан су тамшылайды, мүліктердің бүліну қаупі бар.

Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы жағдайды ескеріп осы жылға шатырды жаңартуға 23 млн теңге бөлген.

–  Шатыр күрделі жөндеу жүргізілген кезде ауыстырылған еді. Өткен айларда су тамшылап кетті. Екінші қабатта балалар кітапханасы мен мәдениет үйі қызметкерлерінің бөлмесі бар. Техника мен құжаттар бүлінсе, екі есе шығын болады. Сол себепті биыл шатыр ауыстыруға тура келіп отыр. Бар кемшін тұсымыз осы. Мәдениет үйінің өзге бөлігінің жағдайы жақсы, – дейді мәдениет үйінің басшысы Достияр Қайдаров.

Қазір аталған жұмысты атқарып шығатын мердігер ұйым анықталды. Жоспар бойынша мамыр-маусым айында толық бітіруі керек.

– Екі жақты келісім-шарт сатысындамыз. Қазір жұмыскерлермен келіп шатырды өлшеп, жұмыс деңгейін бағамдап жатырмыз. Жалпы көлемі 1200 шаршы метр болады. Мамыр айынан бастап кетеміз. Бұған дейін шатыр жабынқышпен қапталған. Біз сырланған пішінді қаңылтырмен жабамыз. Одан су кетпейді, мықты болады әрі ұзақ жылға шыдас береді. Жұмысты мерзімінен бұрын маусым айының басында аяқтауды көздеп отырмыз, – дейді “Сатурн 17” ЖШС басшысы Темірхан Бекешов.

Әңгіме барысында мәдениет үйінің директоры аудандағы маман тапшылығын да тілге тиек етті. Жастардың көбі жалақының аздығынан, баспананың жоқтығынан жұмысқа келгісі келмейді екен.

– Мәдениет саласындағы мамандарға қызметтік үй, көтермеақы қарастырылмаған. Тірнектеп жүріп табуың керек. Ал, жастардың көбі дайынға келгісі келеді. Маман тапшылығы бар. Байырғы қызметкерлер ақырындап зейнетке шығып жатыр, орнына адам керек, – дейді Достияр Қайдаров.

Жастар әуелі баспана жағдайын сұрайтын көрінеді. Газы немесе суы жоқ үйде тұрғысы келмейді.

– Бірен-сараны жағдайды көріп, кері кетті. Қызметкерлердің жалақысы жалпы аз екенін білесіздер. Жас мамандар қажет. Мәдениет үйі үлкен, музыка аспаптары жеткілікті. Маман тапшы деп қол қусырып отырған жоқпыз. Мерекедегі мәдени іс-шараларды өз деңгейінде атқарып жатырмыз, – дейді директор.

Сералы МЫРЗАБАЙ,

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу