Бүгін жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында жастардың бизнес жобаларын іріктеуге арналған комиссия отырыс өтті. Жиында он жоба қаралды.
Комиссияның алғашқы отысырына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев төрағалық етіп, бағдарлама туралы жалпы мәлімет бере өтті.
«Президентің тапсырмасына сәйкес, жастарға жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бизнес жобалары мақұлдаудан өткен жастарға несие 2,5 пайызбен бес жылға дейін, егер ұсынылған жоба мал шаруашылығы бағытында болса, 7 жылға дейін беріледі. Биыл біздің облысқа кемінде 180 адамға 900 млн теңге бөлініп отыр», – деді Р.Мұхаметқалиев.
Бұдан әрі Қостанай, Рудный қалалары және Қостанай, Жітіқара, Денисов аудандары атынан конкурсқа өтінім берген он үміткердің бизнес жобасы қаралды. Алғашқы оныдықтың ішінде аудан жастарының белсенділігі айқын көрінді. Бір ғана Қостанай ауданынан алты үміткер додаға түсіп отыр. Оларға комиссия алдында өз жобаларын онлайн режимде және көзбе-көз қорғауға мүмкіндік берілді. Бизнес-идеялар мазмұны әрқилы. Мәселен, Қостанай ауданының жас тұрғыны Қали Кенжеғараұлы құрт тағамы өндірісімен айналысқысы келеді. Ол жобасын бастан-аяқ өлшеп-пішіп қойған. Жетпей тұрғаны – бағдарлама ұсынатын жеңілдетілген несие.
«Өндіріс процесін бастауым үшін арнайы станок керек. Алматы қаласынан тауып отырмын. 4 млн теңге тұрады. Бұл құрылғы бір сағатта 50 келі құрт өндіруге мүмкіндік береді. Зерттей келе, біздің өңірде бұл өнімге деген сұраныстың бар екеніне көз жеткіздім. Бұл кәсіп аяқтан тұрса, бастапқы кезеңнен-ақ күніне 145 мың теңге табыс табар едім. Басқа да шығындарды есептегенде, маған 5 млн теңгедей қаржы қажет», – дейді талапкер жігіт Қали.
Ол сүт өнімін, яғни шикізат алатын жерді де тауып қойыпты. «Новый день» кәсіпорнынан сүзбенің келісін 600 теңгеден сатып алып отырмақ. Өндіріс орнын үйінің маңынан бөлек нысан ішіне орнатпақ ниетте. Аудан әкімдігі өкілдері де комиссия алдында оның жобасы мақұлдауға тұрарлық екенін алға тартты.
Сонымен қатар, сауда павильонына құрылғы, су сатуға арналған аппарат сатып алу, мал шаруашылығымен айналысуды көздейтін жобалар таныстырылды. Егер комиссия мақұлдап жатса, бәрі бірдей қаржыландырылуы бек мүмкін. Талқылау қорытындысы кейінірек жария болады.
Толығырақ газеттен оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков