Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданында «QC Read» жобасы аясында ұйымдастырылған «Төлен оқулары» аудандық байқауының екі кезеңі өтті.
Қазақ жазушысы, драматург Төлен Әбдіктің шығармашылығына бойлау мақсатында ұйымдастырылған байқаудың бірінші кезеңін қатысушылар электронды форматта тапсырып, тест соңында өз нәтижелерімен таныс болды, қателіктеріне талдау жасады. 102 оқушының 36-сы берілген 60 сұрақтың 40 және одан жоғарысына дұрыс жауап беріп, екінші кезеңге сәтті қадам басты. Екінші кезеңде қатысушыларға жеребе арқылы Төлен Әбдіктің “Қонақтар” әңгімесіне эссе жазу бұйырды.
Қатысушылардың жұмыстарын филология ғылымдарының кандидаты, профессор – Әділет Қабылов және қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Асылзат Мадиұлы тексеріп, 5 жеңімпазды анықтады.
1 орын – Жаумутбаева Ақбота 10 сынып, №5 ЖББМ
2 орын – Ержанова Ләззәт 9 сынып, №8 ЖББМ
3 орын – Сейітходжа Күләш 11 сынып, «GRANT» мектебі
3 орын – Ержумаева Ақбөбек 9 сынып, №3 ЖББМ
3 орын – Матджан Гүлшат 8 сынып, №8 ЖББМ
“Төлен Әбдік” оқуларының марапаттау салтанаты Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік университетінде өтті. Шақырылған қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады. Орын алған бес қатысушы құнды сыйлықтармен марапатталды, ал басты сыйлық соңғы үлгідегі смартфон – iPhone 16 PRO болды.
«QC Read» жобасының ұйымдастырушысы, жүйелеп жүргізушісі және демеушісі – «Qazaqstan Construction Holding» ЖШС, Мұнайлы аудандық орталық кітапханасымен бірлесіп, Мұнайлы ауданында кезекпен үшінші байқауын өткізіп жатыр. Бұған дейін “Әбіш оқулары” және “Бейімбет оқулары” өткен болатын.
“Бұл тек бастамасы. Біздің алға қойған жоспарларымыз көп. Жуырда Қостанайда Светқали, Әбіш оқуларын өткізу жоспарда бар”, – дейді «QC Holding» компаниясы пиар бөлімінің жетекшісі Айза Аблаким.
Төлен Әбдік Тобыл-Торғай өңірінің тумасы. Көптеген прозалық, драмалық шығармалардың авторы. Қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері.