Мемлекет дамуындағы маңызды шешімдер туралы толғам

Мемлекет дамуындағы маңызды шешімдер туралы толғам

Берік Уәлидің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Елдігімізді танытқан ерен жыл» атты мақаласы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы атқарған қызметіне жан-жақты шолу жасайды.

Президент биыл еліміздің 11 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 60-тан астам өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысты, жұртшылықпен кездесті. Сонымен қатар, ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысып, саяси және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өткізген.

Жыл басында Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойылып, Жетіген ауылы Алатау қаласы болып қайта құрылды. Бұл қадам Алматы мен Қонаевтың ортасында Alatau City қаласының іргесін қалап, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырды.

Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тәуелсіздік, отаншылдық, бірлік, әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты құндылықтар талқыланды. Президент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде тапсырма беріп, нәтижесінде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы заңға қол қойылды. Сонымен қатар, адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданып, вандализм, құмар ойынға тәуелділік, вейпке тыйым салу мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер енгізілді.

Осы орайда қоса кетейін, Президент тапсырмасына сәйкес, әйелдердің құқығын қорғау бағытында Қостанай өңірінде де көп жұмыс атқарылды. Мысалы, жыл басында Әйелдер күштері альянсы білім басқармасымен бірлесіп, «Жас көшбасшылар мектебі» жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Өзара ынтымақтастық келісім оқушылардың жаңа бастамаларын дамытуға және қолдауға бағытталған. Одан бөлек, қыз-келіншектердің бастамаларына қолдау көрсету, оларды ынталандыру үшін түрлі семинарлар, басқосулар өткізіліп тұрады.

Мақалада еліміздегі тағы бір басты оқиға көктемгі су тасқыны туралы да айтылған. Президент зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облысқа 3 миллиард теңге бөлініп, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Мемлекет басшысы 23 шет мемлекетке сапарлап, 19 халықаралық форум мен саммитке қатысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдердің басшыларымен 27 кездесу өткізіп, шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдап, мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті. Бұл да ел дамуындағы ерекше мезеттер дер едім.

Берік Уәлидің мақаласы Мемлекет басшысының 2024 жылы атқарған ауқымды жұмыстарын көрсетіп, елдің өркендеуіне бағытталған маңызды шешімдерге назар аударады. Президенттің ішкі және сыртқы саясаттағы белсенділігі, әлеуметтік мәселелерге деген ықыласы және ұлттық құндылықтарды нығайтуға деген ұмтылысы Қазақстанның тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда.

Римма БЕКТҰРҒАНОВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ ректорының кеңесшісі,
Қостанай облысы Әйелдер күштері альянсының төрағасы

Жаңалықтармен бөлісу