Тәуелсіздік мерекесіне орай Денисов ауданының тарихшылары, мұғалімдер мен оқушылар, музей қызметкерлері «Ыбырай мұрасы» экспедициясына қатысты.
Түйемойнақ жерінен жеткен арнайы топ әуелі Алтынсарин ауданы Мезгіл ауылындағы «Омар құдығына» ат басын тіреді.
Қара жолдың кейбір тұсын қар басып қалған екен. Соған қарамастан, экспедиция мүшелері межелі жерге жетуді мақсат етті.
Орта жолда жолаушылар алдынан түлкі шығып, бірсыпыра жерге дейін жол көрсетіп жорытты. Бұл көрініс оқушыларға ой салды, ерекше әсер қалдырды. Ал облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкері Шынар Сұлтанқызы ұлы ұстаз, ағартушының атажұрты жайлы кеңінен баяндап, тереңінен толғады.
Алтынсариннің атамекенінен арқаланып, шабыттанып шыққан экспедиция өкілдері Қостанайдағы Ыбырай музейіне жетті. Ғылыми қызметкер Роза Зұлпықарқызы экскурсия жүргізіп, ұлы ұстаздың тағылымынан, ұлы мұрасынан сыр шертті. Музейді аралатып, ағартушының өмірдерегін өрбітіп, өсиетін өскелең ұрпақ бойына дарытты.
Денисов жерінен келген ұстаздар мен шәкірттер шаһар орталығындағы Ы.Алтынсарин ескерткіштеріне барып, естелікке суретке түсті.
Бұдан кейін Мичурин ауылындағы Ыбырай кесенесіне барып, тағзым етті.
Танымдық экспедицияға қатысқан он оқушы эссе-шығарма жазып, бұл сапардан білген-түйгенін әсерлі әңгімелеп берді. Игі бастама Денисов аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілді дәріптеу, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған «Патриотизм өзіңнен басталады» жобасы аясында, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асып отыр.
«Ыбырай мұрасы» танымдық экспедициясын “Қазақ тілі” қоғамының облыстық филиалы ұйымдастырды.