«AMANAT» партиясының әйелдер қанаты: өзгерістер мен шабыттың күші

«AMANAT» партиясының әйелдер қанаты: өзгерістер мен шабыттың күші

«Білімге табынудан бөлек, прогрессивті елдің тағы бір маңызды белгісі – қоғамдағы әйелдердің мәртебесі. Сондықтан әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлуіміз қажет», – деп атап өтті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы сөздер партияның басты ұстанымдарының біріне айналып, «AMANAT» партиясының тең мүмкіндіктер қоғамын құрудағы жұмыс бағытын айқындайды. Бұл процессте әйелдер ерекше рөл атқарады, елдің саяси, әлеуметтік және мәдени өміріне белсенді қатысады.

Әйелдердің «AMANAT» партиясындағы рөлі

Партия құрамының 60%-ын әйелдер құрайтынын және олардың басым көпшілігі басшылық қызметтер атқаратынын мақтан тұтады. Қостанай облысында партия мүшелерінің 27 мыңнан астамы әйелдер болса, 20 филиалдың 9-ын әйелдер басқарады. Партия әйелдерге мансаптық өсу үшін тең мүмкіндіктер беріп, барлық деңгейде қолдау көрсетеді.

Партияның гендерлік теңдікті дамытудағы маңызды қадамдарының бірі – бір жыл бұрын құрылған әйелдер қанаты. Бұл құрылым әйелдердің бастамалары мен қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қолдайтын басты алаңға айналды. Қостанай облыстық филиалындағы әйелдер қанатының кеңесшісі Гүлсара Жаманқұлова өңірдегі дарынды әрі мақсатшыл әйелдерді біріктіріп отыр.

Әйелдер қанатының жетістіктері

Әйелдер қанатының әрбір мүшесі өз саласын дамытып, кәсіби шеберлігін көрсетуде:

Татьяна Булгацевич медицина саласына жауапты болып, медициналық сауаттылықты арттыратын акциялар мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастырады.

Аруна Жақсағұлова ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инклюзивті жобаларды жүзеге асырады.

Гүлмира Дамбаулова ғылым саласында жұмыс істеп, жас таланттарды қолдайды және әйелдердің инновациялық бастамаларын алға жылжытады.

Несібелі Басенова әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғап, кешенді заңгерлік және психологиялық көмек көрсетеді.

Айтжан Кішкентаева ұлттық мәдениетті дамытып, оның құндылықтарын жаңа буынға адалдықпен жеткізуде.

Людмила Ковалева әйелдердің психологиялық денсаулығын сақтау бойынша жұмыс атқарады.

Татьяна Пфунт ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөледі.

Арайлым Аманқұлова заң жобаларына гендерлік сараптама енгізу бағытын дамытып, әділдік пен теңдіктің маңыздылығын насихаттайды.

Әйелдер қанаты ұйымдастырған тренингтер, іс-шаралар мен ауқымды жобалар олардың еңбегінің айқын көрінісі. Мысалы, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткізілген «Тең мүмкіндіктер» фестивалі балалар мен олардың отбасылары үшін нағыз мерекеге айналды. Әсіресе, қатысушылардың «Бочча» командалық ойыны ерекше әсер қалдырды.

Әлеуметтік және мәдени бастамалар

Әйелдер қанаты ұлттық құндылықтарды дамытуға белсенді түрде үлес қосуда. Айтжан Кішкентаеваның жетекшілігімен депутаттар мен кеңесші Гүлсара Жаманқұлова Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде болды. Бұл кездесуде әйел-әскери қызметкерлердің елді қорғауға қосқан үлесі мен дәстүрлерді сақтау маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу барысында ұлттық әндер шырқалып, шай құю рәсімі өткізілді, бұл мәдениетке деген құрметтің белгісі болды. Гүлсара Жаманқұлова әйелдерге ақ орамал сыйлап, оның тазалық пен бірліктің символы екенін жеткізді.
Әйелдердің денсаулығынадаерекше көңіл бөлінеді. Татьяна Булгацевич маммолог, гинеколог, офтальмолог, психолог сияқты дәрігерлермен кездесулер ұйымдастырып, әйелдерге экспресс-диагностикадан өтуге мүмкіндік береді. Дәрігерлер әйелдердің денсаулығы – ұлт саулығы екенін үнемі еске салады.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Несібелі Басенованың жетекшілігімен «Балаңа уақыт арна» акциясы аясында оқу орындарында іс-шаралар өткізіліп, отбасылық құндылықтарды нығайту, жәбір көргендерге көмек көрсету және әйелдер мен балалар үшін қауіпсіз орта құру жұмыстары жүргізіледі.

Ғылыми жобалар

Әйелдер қанатының бастамасымен Қостанай облысында «Ғылымдағы әйелдер» республикалық форумы өтті. Бұл шара әйелдердің ғылыми қауымдастықтағы орнын арттыруға бағытталған. Форумға партияның хатшысы Шолпан Каринова, Президент кеңесшісі Күнсұлу Закарья, Мәжіліс депутаттары Екатерина Смышляева мен Вера Ким қатысты.

Форум аясында әйелдердің ғылым саласындағы мәселелері талқыланып, жаңа қолдау бағдарламалары құрылды. Нәтижесінде, форум материалдары жинақталып, әйелдердің экономика, мәдениет, педагогика, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды бағыттардағы ғылыми мақалалары жарық көрді.

Ауыл әйелдерін қолдау

Қостанай облысында өткен өңірлік форум ауыл әйелдерінің аграрлық секторды дамытудағы үлесін ерекше атап өтті. Форум барысында қатысушылар өз жетістіктерін көрмеге қойып, дәстүрлі құндылықтар мен инновацияларды үйлестіре отырып құрған бизнестерін таныстырды. Көрмеде қолөнер бұйымдары, авторлық картиналар, тері мен жүннен жасалған ерекше бұйымдар, сондай-ақ ірімшік тағамдары ұсынылды.

Форум аясында Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан келген әйел кәсіпкерлер өздерінің жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Бұл шара ауыл әйелдеріне өз идеяларын көпшілікке танытуға және кәсіби өсу мүмкіндіктерін арттыруға жағдай жасады.

Саяси көшбасшылық пен болашаққа көзқарас

«AMANAT» партиясының әйелдер қанаты алдағы уақытта да әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруды жалғастыруда. Қостанай облысында 197 ауылдық округ әкімі бар, олардың 174-і партия мүшелері болса, оның ішінде 31-і әйелдер. Сонымен қатар, облыстағы барлық деңгейдегі 192 мәслихат депутатының 63-і әйелдер. Бұл мәліметтер әйелдердің саяси процестерге белсенді қатысып, өз өңірлерінің стратегиялық дамуын анықтауда маңызды рөл атқаратынын айқын көрсетеді.



Болашаққа жоспарлар

Әйелдердің саяси әлеуетін одан әрі нығайту мақсатында партиялық кадр резервімен жұмыс аясында Саяси көшбасшылық мектебі ашылады. Сонымен қатар, білім беру, әлеуметтік және кәсіпкерлік жобалар жүзеге асырылады. Экономика, мәдениет және әлеуметтік саясат салаларында әйелдерді қолдауға бағытталған жаңа бастамалар іске асырылмақ.

 

Жаңалықтармен бөлісу