Арқалықта атақты жерлесіміз, жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметұлының 85 жылдығына арналған «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлар фестивалі өтті.
Фестивалдің салтанатты ашылуында қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, сахнагерлерге ақжол тіледі. Жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты.
Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі өнер шеруіне Жамбыл облысынан Т.Рысқұлов ауданының Б.Битанов атындағы халық театры (жетекшісі Эльмира Асылбекова), Маңқыстау облысының Жаңөзен қаласынан «Бозжыра» әзіл-сықақ театры (жетекшісі Қайырбек Нұров), Қостанай облысынан Жанкелдин ауданының Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Мірдің оғы» әзіл – сықақ театры (жетекшісі Мейрамбек Бейсенбек), Денисов ауданынан «Түйемойнақ» әзіл-сықақ театры (жетекшісі Азамат Жолдыхан), Федоров ауданынан «Жаркөл» әзіл-сықақ театрлары (жетекшісі Тасқын Әжібай) қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Екі кезеңді қамтыған өнер додасының бірінші кезеңінде әзіл-сықақ театрларының күшімен сатирик С.Кенжеахметұлының «Қайран денсаулық», «Мың мұң», «Түс көру», «Қыз бен жігіт», «Аттестация» интермедиялары сахналанып, екінші кезеңінде еркін тақырыпқа кезек берілді.
Көреремендерді күлкіге қарық қылған әзіл – сықақ жәрмеңкесін облыстық «Көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кейнобейнеқор орталығының» басшысы Дәмер Қалқаев қорытындылап, облыстық мәдениет басқармасы атынан жазушының қызы Зәмзәгүл Кенжеахметованың иығына шапан жапты.
Өнердің өрістеуіне ұйытқы болып отырған мәдениет ошақтарын «Алғыс хаттармен», күлкі көрігін қыздырған әзіл-сықақ театрларын дипломдармен, әрқайсын 300 мың теңге қомақты қаржылай сертификаттармен марапаттады.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы