(әңгіме)
Адам азды ма, заман азды ма білмедім?-деп есіктен кіріп келе жатқан Қырау киімін шешпестен босағаға отыра кетті.
Түрі шаршаңқы. Сақал- мұрты өсіп, екі күнде жиырма жасқа қартайып кеткендей көрінді жұбайы Ленаның көзіне.
– Отағасы, осы жұмысыңды қойсаң қайтеді? Жұмысыңа барған сайын үйге көңілденіп кірген күніңді көргенім жоқ осы он жыл ішінде. Қазір менің табысым да жаман емес. Мұғалімдердің жалақысы көтеріліп қалды. Басымызда қарызымыз да жоқ. Сен үйде жат. Қиын заманда мені таршылық көрсетпей осы күнге жеткіздің, енді менің кезегім келді.
– Мен жұмыстан кетсем жауапкершіліктен қашып, ол араға кім бара қояды дейсің? Осы сен басында менің сол жұмысым үшін ұнатып тұрмысқа шықпадың ба? «Саған осы форма жарасады, осылай жүрші»- деп қиылушы едің ғой, ЖЕНПИ-дің алдында гүлімді ұстап барған әр кезімде. Соңғы бірнеше айдан бері неге ойың өзгеріп сала берді? Соны түсіндірші.
– Айтпаса да түсінікті. Соңғы болып жатқан жайлар есімді шығарып жіберді, -деп балалар жатқан бөлменің есігіне қарады, сөзімді тыңдап қоймасын дегендей.
– Шәйің, тамағың дайын ба өзі? Айтар сырыңды ас бөлмеде айтарсың. Мен осылай босағада отыра бермейтін шығармын?
Лена жеңіл қозғалып келіп, күйеуінің сыртқы киімін алып, іліп жатты…
***
– Кеше қала сыртынан табылған қыздың мүрдесінің кім екені анықталды ма?
– ДНК сараптамасын жігіттер түнімен жүргізді, байқұс қыздан ештеңе қалмай жанып кеткен. Бұл өзі осы айда табылған үшінші мәйіт. Үшеуін де істеген бір адам деп ойлаймын. Ал ана Иван үш қылмыстан үш түрлі сипат тауып отыр. Бірақ, қандықол қарақшының үшеу емес, біреу екені анық. Себебі: бірінші құрбанын үлкен тас жолдың бойында бауыздап, зорлап, бөлшектеп кейбір дене мүшесін алып кеткен. Біз нақты сенімді емеспіз, мүмкін адам ағзасын саудалайтындардың іс-әрекеті болар деп, бүкіл емханаларды аралап шықтық. Тағы бірі, ескі су қоймасының қасынан басы жоқ он алты жасар қыздың мәйіті табылды. Онда зорлық-зомбылықтың анық нышаны байқалады. Біз енді бұны педофилдердің ісі деп жүргенімізде, қырықтан асқан мына әйелдің өлі денесін қала сыртындағы атбалдан таптық. Лена, сен айтшы осындай жауыздыққа кімдер барады?! Анадан тумағандар ма? Адамдар неге қатал, қатыгез болып барады?!
– Қырау, сен шаршадың. Алдыңдағы асты ішіп болып, демал. Мен генетикалық зертханада істейтін құрбыма хабарласып көрейін. Ол да бұл жайдан хабардар. Түсте кездескенде, бірдеңеден күмәндағандай болған. Ойын ашық айтпады…
– Неден күмәнданды екен?
– Білмедім… Сен жатып демал, саған тыныштық керек.
Ерлі-зайыпты екеуі дастархандағы тамақтарын үнсіз ішіп, орындарынан тұрды. Қаладағы күнара болып жатқан үрейлі оқиғалар екеуін де абдыратып тастаған. Әсіресе, Қыраудың өмірлік тәжірибесінде шиленіскен алғашқы қылмысы. Бар ойы таңертең ерте тұрып, орталық архивтерден дәл осыған ұқсас өткен ғасырдағы болған оқиғалармен салыстырып көруді жөн деп ойлап жатып, көзі ілініп кетті.
***
Бүгін сондай мәз, анадан қайта дүниеге келгендей. Дастарханда неше түрлі тағамдар: самса, манты, қуырлған ет. Тағамдардан тартынбай алып отырыңыз,- деп қояды Иван қасындағы жолдасы Қырауға. Қырау аузына бір түйір ет салып жіберіп, дәмін алып біраз отырып, етті жұтпай “ненің еті?” деп ишара танытты.
– Бұл ма? Түйеқұстың еті. Өткенде алдырып ем, шет елден келген достарыма. Сен Ленаның жоғалып кеткеніне қапаланба, ол аман-сау табылады. Тартынбай астан алып жеп отыр. Мен қазір… Сендер, қазақтар сорпаны жақсы көресіңдер ғой, мен алып келейін, отыра тұр.
Қыраудың бар ойы әйелінде… Ұялы телфоны өшіп тұрғанына бақандай бүгінмен бесінші күн. Тау-тасты, орман-суды, қаланың барады деген жерлерінің бәрін сүзіп шыққан. Ойы тұманданып, өзін тамұқтың ортасында қалғандай сезініп отыр. Иванның әріптесі келіп, бұл доңыздың сорпасы емес, адамның сорпасы дегенде шашалып қалардай болып, аузына салған мантыны лоқсып құсып тастады. “Қалжың, қалжың, бұл да түйе құстың сорпасы” дегенде барып, бір кесе сорпа ішіп қана қойды да, сағатын қарап:- Кеш болды, үйіме қайтам,- деп кетіп қалды.
Иван шығып бара жатқан Қыраудың артынан қараған қалпы үнсіз тұра берді…
Тағы да күнтізбе парағының бір күні артта қалды. Таңғы бесте безілдеген қоңырау дыбысынан оянып кетті. Жасанды бассейннен адам денесі табылды дегесін жұмысқа жан ұшырып келген беті осы болатын. Иванның сол баяғы сабырлы мінезі, қызметтік көліктің қасында тұр. Қырауға қарап:-Оқиға орнына кеттік,- деп машинасын от алдыруға оқталды. Ол да жолдасының ойын ұққандай тез жүрейік деп шылымын тұтатып, көлікке отырды. Жол бойы үшінші рет шылым шекті. Иванға қарап, “Тіпті болмаса, Ленаның өлі денесін тапсам да разы болар едім” деп бір қойды. Иванда үн жоқ. Екі көзі алдында, сұлап жатқан тас жолда.
Қалалық қылмыс бөлімімен сот сарапшылары бұлардан бұрын келіп алыпты. Бәрінің түсі бұзылып боп-боз болып кеткен. Адам баласын осындай жауыздыққа барады деп ойламаған болса керек. Бассейнің жағасында жатқан басы мен қол -аяғы жоқ әйел мүрдесі. Көрген жан баласы бұл көрініске шыдап тұра алмас. Иван Қыраудың қасына келіп:
– Сен жақындамай-ақ қойшы. Жүрегің ауырып, езіліп жүрсің.
Қырау оның айтқанына көнбеді. Ақ мата жабылған мәйітті ашып қарады.
-Иттің баласы, осыдан қолыма түсерсің! Темір тордың ар жағында мәңгілік шықпастай етемін,- деп отырған жерінде тісін қайрады.
ДНК сараптамасы тағы да зорлық нышаны барын анықтап, мүрдеден табылған шаштар мен ер адам ұрығын сараптамаға, Астанаға жіберді. Ал, Ленаның іздеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Көрдім, білдім деген жан баласы әлі кезіккен жоқ. Қаладағы көше кезген қайыршыларды да тартып, алқаштарына дейін тергеу изоляторына неше мәрте шақырып сұралды. Бірі:
«Көргенмін, аққұба келген әдемі келіншекті»- деп алып,«Бірақ, мас едім»- деп сөзінен тайып, екі сөйлегендері де бар. Іс жүрмей, бір орнында табандап тұрып алды.
***
Бір апталық ауыр күн де сырғып өтіп, Астанадан сараптама да келіп жетті. ДНК сараптамасы бойынша мүрде «пәленше» деген жезөкшеге тиесілі болды. Ал ер адамның шашы мен ұрығы жайлы тіс жарып ешкім ләм- мим демеді. Бұл жайдан Қырау күмәнданып қалды.
Балконда отырып, ұзақ ойланды. Осы, мүмкін, қанішер арамызда жүр ме?- деген күдікке келді. Осымен, төртінші адамның өлімі болып отыр. Жарты жыл ішінде ешқайсысының қылмысы ашылған жоқ. Бұл не де болса әккі жанның істеген іс-әрекеті деп сенді. Қолына телефонын алып, Иванға соқты. Тез арада кездесіп, ақылдасар жай барын айтып, үйіңнен шықпа деп, қазір он минут ішінде болатынын айтып орынынан тұрды.
Иванның үйіне келсе, буын бұрқыратып, қазаннан түшпара түсіріп жатыр екен. Дастарханға жайғас деп, оң жақтағы орындықты нұсқады.
Қырау Иванға қарап:
– Осы сен неге үйленбейсің? Түр десе түрің бар, бой десе бойың бар. Қашанғы состиып жалғыз жүресің? “Жалғыз адамның асы да батпайды” дейді біздің жұрт. Жалғыз жүрмей үйлен. Тойыңда Лена екеуміз… әрине, табылып жатса, вальс билейміз. Мынауың өткендегі түйеқұсыңның еті ме? Өмірімде мұндай дәмі тіл үйіретін етті жеп көрмеппін. Маған бір осындай етіңнен ойластырып қой. Жарай ма?- деп отырған орнында бір қопақтап қойды.
– Шарап ішесіз бе?
– О, әкел оныңды, одан бас тартуға болмайды. Сосын, ұмытып барады екем… Қылмыскер біздің арамызда жүр,- деген кезде, қолындағы әкеле жатқан шарабын түсіріп алды Иван. Үй-й, саған не болды қалтырап, қылмыскер сен деген жоқпын ғой, тек арамызда жүр дедім. Сендей жақсы азаматтан ондай жамандық шықпайды. Не ойлайсың, менің ойым дұрыс па?- деп қарсы алдына келіп отырған Иванға тіке қарады.
– Мен нақты ештеңе айта алмаймын. Кімді күдікті деп ұстаймыз, кімді тергейміз, сол жағы мені қинайды.
– Сен ертеңнен бастап айналамыздағы адамдардың бәріне күдік көзіңмен қарап, іс-әрекетін қағазға түсіріп отыр. Бір ілік тапсаң, қалғанын маған қалдыр. Сосын сені бастыққа айтып, бір айға ата-анаңа жіберемін. Дем алып, сағынышыңды басып келесің. Жалғыз бармай, үйленіп бар, – деп бір қойды.
– Ұқтым, Қырау мырза. Менің ата-анам жоқ. Әкем қайтыс болған. Шешем жеңіл жүріске салынып кеткен, мен сегіз оқып жүргенде. Нағашыларымның қолында өсіп, ержеттім. Сол кісілер оқытты-тоқытты. Мен ешқайда кетпеймін, осы қалада болам. Ал, үйлену жағына келсек, әйел затымен сөйлесе алмаймын.
– Өкінішті. Ренжіме, ағаңның ойына келгенін айта салатыны бар кейде осылай.
– Оқасы жоқ. Мен ондайға үйренгенмін.
– Мына түшпараң дәмді екен. Шарапты ертең ішерміз. Сағат он екі болып қалыпты. Жақсы дем ал, мен кеттім.
***
Қырау маңайындағылардың бәрінен күдіктенді. Күдігі алдамады. Бірақ нақты осы адам деп айтатын қолында айғағы болмады. Иванның айтуымен екі әріптесін тергеді. Олар азар да безер болып, ондай ауыр қылмысқа бармайтынын айтып ақталды. Тек енді, басты назарда Иван ғана қалды.
Бүгін үшінші күн соңына түскені. Іс-әрекетінен түк ілмек шықпай тұр. Қырау тағы да тығырыққа тірелді. Ленаның жоғалғанына айдан асып кетті.
Ақыры болмағасын Иванның үйінде жоқтығын пайдаланып, жасырын камера орнатты. Тіпті көлігіне де. Тікелей өз бақылауына алды. Жүргені, тұрғаны, жатқаны бәрі-бәрін ұялы телефонынан қашықтан бақылып көріп отыр.
Түнгі үш. Ұйқысы келмей, төсекте дөңбекшіп жата алмады. Телефонын ашып, Иванның үйін бақылауға кірісті. Өз көзіне өзі сенер емес. Жертөледен қара пакетке салынған затты сүйреп, асханаға кірді. Стол үстіне әйелдің басын қойды. Екі қол, екі санның етін көз алдында сылып, ет турағыштан өткізді. Қырау абдырап, есін жыя алар емес. Ақыры, қылмыстық топты құрықтайтындарға хабарласып, аса қауіпті адам екенін айтты. Өзі де сонда болатынын айтып, жедел сыртқа шығып кетті.
***
Сырттан келер қауіптің жоқтығын біледі. Асықпай күндегі әдетінше, француз шарабын ішіп, ыңылдап әндетіп, қолына түскен кезекті құрбанының етін асықпай мүшелеп, қалған етін тұздап тоңазытқышқа сала бергенде, есік бұзылып ашылып, үйге Қырау бастаған бірнеше полицейлер кіріп келді. Иванда қашуға оқталар түр жоқ, қарсыласпады да. Тек Қырауға айтқаны:- Саған түйеқұстың етін дайындап қойдым, жо, жо, жоқ, жезөкшенің етін дайындадым. Дәмді, өзің де дәм таттың осы еттен,- деп қарқылдап тұрып күлді.
Байлап-матап алып кетті. Үйдің ішін май шаммен қарағандай тінтіп шықты. Жертөледен Лена мен оның құрбысын тапты. Лена тірі екен. Құрбысын жақында ғана балталап өлтіріпті…
Иван тергеу изоляторында барлық кінәсін мойындады. Лена мен құрбысы Иванның қылмысқа қатысы бар екенін сезіп қойыпты. Әйелдердің ағзасынан табылған ұрықтар Иванға тиісті екенін білген. Иван ұрық тапсыратын еркектер қатарынан табылған. Қаншама бала көтере алмай жүрген аналардың жатырына тұқымын септі десеңші! Ал Иван кезекті ұрық тапсыру барысында стол үстіндегі сараптама қағазын көзі шалып, екеуін екі күн үшінде қолына түсіріп, жертөледе ойына келгенін жасаған. Бірақ бұлар жезөкше болмағандықтан өлтірмепті. Тек Ленаның құрбысы Иванның анасының жезөкше екенін қайта-қайта бетіне басқандықтан, балталап өлтіріпті.
***
Қыраудың дәрежесі өсті. Қала тыныш. Лена үшінші баласына аяғы ауыр. Өкініштісі, құрсақта Иванның баласы. Иван “Қара бүркітте” өмірінің соңына дейін жазасын өтейтін болды.
*Түсініктеме:
Құны – ит тектес аң. Ол тек жаңа жерленген мәйіттің етімен қоректенеді. Сондықтан оны «көр қазушы» атап кетті кейбір елде.
Ақмола облысы,
Степногорск қаласы