Абу -Даби қаласында джиу-джитсудан Әлем чемпионаты өткен болатын. Әлемнің түкпір түкпірнен әлемдік деңгейдегі спортшылар қатысқан додаға, Науырзым ауданы, Шилі ауылының тумасы, қазіргі таңда Астана қаласының жекпе-жек ұлттық спортының президенті және Астана қаласының аға жаттықтырушы Әзім Қапанұлы Әбдіркенов 65 кг салмақта бақ сынап, әлем чемпионы атанды.
Араға 27 жыл салып, туған еліне әлем чемпионы атанып келді. Әлем чемпионы Әзім Әбдіркеновті Науырзым ауданының әкімі Мәди Ихтиляпов қабылдап, жеңісімен құттықтады, алғыс хат табыс етті.
Бүгінгінің батыры ауданның спорт секциясына қатысып жүрген болашақ чемпиондармен кездесіп, шеберлік сабақ көрсетіп, сұхбаттасты.
Оқушылармен кездесу барысында Әзім Әбдіркенов еркін күрестен намысын аудан, облыс, республика көлемінде қорғап жүрген Жалғас Жабатов пен бокстан Айтбай Жәнібекке ынталандыру сыйлығын табыс етті.
Өзі туып-өскен Шилі ауылына ат басын бұрып, жерлестері керемет көңіл күймен қарсы алды. Өзінің білім нәрін алған мектебінде болып, оқушылармен, сабақ берген аяулы ұстазымен кездесіп естеліктермен бөлісті.
Ауыл әкімі Гүлнар Бірмағанбетова алғыс хат табыс етіп, ауыл ақсақалы шапан жауып, ақ батасын берді. Осы ауылдың тумалары осы ауылдан шыққан Әлем чемпионына ат мінгізді.
“Мен үшін бүгін ерекше толқыныс болды. Осылай қарсы алады деп ойламадым. Таңнан келгелі аудан басшылықтары қарсы алып, құрмет көрсетуде. Туған жеріме, еліме, білім нәрін алған мектебіме келіп бір қуанып қалдым. Осы ауылдың үлкен қариялары мен таныстарымды, туыстарымды көріп бір ерекше ілтипаттарына бөлендім. Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді деген рас екен. Осыдан 27 жыл бұрын кетсемде, ауылым өзіме сол бұрынғыдай боп көрінеді. Керемет сезім”, – дейді Әзім Әбдіркенов.
Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Суреттерді түсірген автор