Тәртіп сақшылары ауырып қалған зейнеткердің пәтеріне балконы арқылы кірген.
Осылай Тобыл қаласында полицейлер батылдық танытып, инсульт алған 71 жастағы әйелді құтқарып алды.
“Төтенше жағдай туралы хабар жедел жәрдем фельдшерінен келді. Ол бригаданың зейнеткердің пәтеріне кіре алмай жатқандығы туралы айтқан. Учаскелік инспекторлар Арсен Көпеев пен Тілек Өтегенов бұл жерге жедел келді. Жағдайды бағалай отырып, полицейлер екінші қабаттағы балкон арқылы пәтерге кіруге шешім қабылдады. Арсен есікті ашқаннан кейін жедел жәрдем қызметкерлері әйелге дереу медициналық көмек көрсетіп, оны ауруханаға жатқызды”, – дейді полиция бөліміндегілер.
Жәбірленушінің туысы полицейлерге олардың жеделдігі, табандылығы мен кәсібилігі үшін шын жүректен алғысын білдірді.