Бейімбет Майлин мерейтойында “Қаламгер” қойылымы сахналанды

Бейімбет Майлин мерейтойында “Қаламгер” қойылымы сахналанды

Ұлы жазушының 130 жылдық мерейтойына орай Бейімбет Майлин ауданында өткен іс-шаралардың ең елеулісі І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері сахналаған «Қаламгер» спектаклі болды.
Қойылымда көрнекті жазушының тартысқа, азапқа толы ауыр тағдыры суреттеледі. Нақақтан жала жабылып, тұтқынға ілінгені, нойыс күш нояндарының кінәсіз жанды отбасынан айырып, қалай қинағаны көрсетіледі.

Қамауда қорлық шегіп, кеңес үкіметінің озбыр билігімен арпалысқа түскен Би-ағаның ішкі бұлқынысы – «Қаламгер» спектаклінің негізгі өзегі. Әп сәтте «ең қауіпті дұшпан» деп танылып, «халық жауына» айналған ардақты тұлға туралы спектакль көрерменнің көңілін толқытып, ыстық ықыласына бөленді.

Абақтыдағы сұрақ-жауап архив құжаттары негізінде әзірленіп, айна-қатесіз көрсетілген. Әр кейіпкердің сахналық образы өте нанымды.

Драма ә дегеннен-ақ өзіне баурап алады. Барлық әртіс өзіне жүктелген міндетті асқан шеберлікпен шықты.

«Қандай ауыр тағдыр, неткен бейнетті өмір, не деген әсерлі қойылым! Әртістеріміз асыл азаматымыздың азапты өмірін, арман-мұратын, күрескерлігін өте жақсы жеткізді. Араға бес жыл салып, осы қойылымның сахнаға қайып оралғанына қуаныштымыз. Жалпы, кешеден бері өңір өнерпаздары жергілікті сахнада рухани сый-тартуларын жасап жатыр. Алғашында Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің концерті өткен еді. Енді бүгін ерекше тартымды қойылымды тамашаладық. Атамыздың аруағы шат болғай! Той тойға ұлассын!» – деді қойылымнан кейін құттықтау лебізін жолдаған облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Аталған қойылымның премьерасы Би-ағаның 125 жылдығында Қостанайда, кейін Алматыда қойылған еді. Қайта сахналанып отырған спектакль туралы жазушының ұрпақтары тебіреніспен пікірін айтып, көздеріне жас алды. Облыстық театр труппасына бас иіп алғыстарын жеткізіп, ақ тілектерін айтты.

«Керемет туындыны көпшілік назарына ұсынған әртістер қауына көптен-көп рахмет. Дәйім жұмыстарыңыз алға басып, жемісті бола беріңіздер. Беделдеріңіз артып, шетел сахналарына жол ашылсын. Қасиетті Қостанай жері өркендей түссін. Мерейтойға жоғары деңгейде дайындалып, ұмытылмас оқиғалар ұйытқы болған азаматтарға да шексіз разымыз! Сіздерді Би-атамыздың аруағы қолдай жүрсін!» – деді Бейімбет Майлиннің шөбересі Ботагөз Тұрсынбекқызы.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген – Ерасыл ТАЛҒАТҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу