Әкімдік ауыл тұрғындарына жауап берді

Әкімдік ауыл тұрғындарына жауап берді

Әулиекөл ауданы, Аманқарағай ауылында тұрғындар жергілікті қоқыс полигонының жағдайына алаңдаулы. Олардың айтуынша, полигонға қоқыс тастау үшін белгілі бір төлем талап етіледі, алайда қоқысты кәдеге жарату немесе өңдеу жұмыстары мүлдем жүргізілмейді.

Полигон аумағында қоршау жоқ, сондықтан қатты жел кезінде қалдықтар полигоннан бірнеше шақырымға дейін ұшып, айналаға шашылып жатыр деседі. Тұрғындар тиісті мекемелерден мәселені шешуді және экологиялық талаптарға сай жұмыс жүргізуді сұрап, қоқыс шашылған Новая, Лихачёв көшелерін бейнеге түсіріп салыпты.

Редакцияға оқырмандар тарапынан осындай шағым түскен соң біз Аманқарағай ауылына хабарласып, істің мән-жайын білдік. Жергілікті әкімдіктің айтуынша, Аманқарагай аумағынан шығарылған қоқыстарға халық арасынан қаражат жиналмайды екен. Лихачев көшесінің аумағында қоқыс жинауға арналған руқсат етілген жер жоқ. Лихачев көшесіндегі бос жерге көше тұрғындары рұқсатсыз қоқыс лақтырған.

«Биыл жыл басынан бастап «Taza Qazaqstan» телеграм боты арқылы 4 өтінім келіп түсті, барлығына жауап беріп, ҚР ӘҚБтК 505 бабы бойынша 2 әкімшілік айыппұл және 5 ескерту берілді. Қараусыз қалған 8 үй шығарылды, оның ішінде 6 үй ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен жасалған меморандум есебінен тазартылды. Ал рұқсат етілмеген полигонды шығарып, тазалауға 2025 жылы қаражат бөлінеді», – дейді әкімдіктегілер.

Жалпы Аманқарағай ауылдық округінің аумағында 2024 жылдың басынын бастап 340 тонна қоқыс шығарылған.

«Күнделікті Аманқарағай ауылының көшелерінен қоқыстар жиналып, шығарылып тұрады. Егер тұрғындар осындай келеңсіздіктерді көріп, хабарласып жатса, назардан тыс қалдырмаймыз. Өзіміздің оқитын газетіміз «Қостанай таңы» хабарласқанда бірден аталған жерге бардық. Кез келген жерге қоқысты лақтырып кетуге болмайтынын ескертіп, шашылған дүниені жинастырдық. Президенттің «Таза Қазақстан» жобасы өте жақсы бастама. Мақсаты да баршаға аян. Тазалық, қоршаған ортаны ластамау, табиғатқа жанашырлықпен қарау әр адамның өзінен басталады. Сондықтан ең бірінші өз айналамызды таза ұстаудан бастасақ дейміз. Қоқысты әр жерге лақтырып кетпей, арнайы орындарға тастап, ауылымызды таза ұстауға шақырамыз», – дейді ауыл әкімдігі.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Әулиекөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу