Арқалықта «Жайлы мектеп» ашылды

Арқалықта «Жайлы мектеп» ашылды

Мемлекеттік тілде оқытатын «Жайлы мектеп» 300 оқушыға арналған.

Жаңа білім ордасының лентасын Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент,  Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының құрметті профессоры Зинаида Қолдасбаева, ҚР білім беру ісінің үздігі Александр Пэк және үздік оқушы, ғылыми жоба және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Арман Ахмедия қиды.

Ауа райына байланысты салтанатты іс-шара мектептің спорт залында өткізіліп, облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлы, құрылыс мердігері, «Алюминстрой» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов, ата – аналар атынан Самал Жиенбаевалар құттықтау сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді.

 «Бұл мектеп – Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлының бастамасымен және сол кісінің жеке қадағалауындағы «Жайлы мектеп» ұлттық Жобасымен облысымызда ашылып отырған екінші мектеп. Осыдан екі күн бұрын ғана Қостанай ауданында алғашқы мектебіміз ашылған болатын. Бұл мектепте 70-тен астам мұғалімдер, қызметкерлер жұмыс істейтін болады. Жалпы, өңірімізде осы екі жылдың ішінде 8 мың балаға арналған 11 мектеп салынады деп жоспарланған болатын. Міне, қазір соның екіншісін ашып тұрмыз.Жас ұрпаққа сапалы, саналы тәрбие берілсе деген ниетіміз бар», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы жаңа мектептің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Арқалық қалалық білім бөлімінің №7 жалпы білім беретін мектебінде(жайлы мектеп) табысты білім беру процесі үшін сапалы жағдай туғызылған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында инновациялық жабдықтармен бірыңғай стандарт бойынша салынған оқу орны. Жаңа мектеп екі қабатты, бастауыш, орта және жоғары буынды оқытуға арналған блоктары бар. Кең спорт залы толығымен спорттық жабдықтармен қамтылған. Мектепте 26 оқу кабинеті бар.

Оқу зертханаларымен физика, химия, биологиякабинеттері, робототехника және компьютерлік сыныптар, STEM зертханалар заманауи жабдықталған. Оқушыларды жан-жақты дамытуға және педагогтердің белсенді жұмысына арналған акт залы, оқу залы бар кітапхана, ыңғайлы коворкингзоналар жұмыс жасайды. Мұның бәрі оқушылардың білім сапасын арттыруға, қабілеттері мен таланттарын ашуға, өскелең ұрпақтың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.

Мектеп ауласының аумағы балалардың демалуы үшін абаттандырылды, белсенді ойындарға арналған спорт алаңдары жұмыс істейді. Мектеп ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға бейімделген, қауіпсіз білім беру ортасы, оның ішінде мобильділігі төмен азаматтар үшін де барлық жағдайлар жасалған.

Жаңа білім ошағы өңірдегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге, қазақстандықтардың жаңа буынын, адами капиталды дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                                Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу