Жол жөнделді: ауыл халқы қуанышқа бөленді

Жол жөнделді: ауыл халқы қуанышқа бөленді

Ресеймен шекаралас Чайковский ауылының тұрғындары үшін бүгін ұлы той. Жітіқарадан жиырма жеті шақырымдағы бұл ауыл пайда болғалы жөндеу көрмеген жол таяуда қалпына келтірілді. Ауылдықтардың ол қуанышы елді мекенінің биылғы жетпіс жылдығына тұспа-тұс келіп отыр.

Елдің әл-ауқатын жақсартуға сеп болатын маңызды жолдың жөнделуіне “Ауыл” партиясы облыстық филиалының үлесі зор.

Мәселенің мән-жайын куә болғандар аталған жол осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық маңызды жол болғанын айтады.

Қазіргі сенат депутаты Сергей Карплюк:

«Ұзақ жөндеу көрмеген бұл жолды республикалық бағытқа ауыстырылса, Үкімет ақша бөлуді тездетеді», – деген пікірде болды.

Кейін ол үміт те ақталмады. Жіберілген қаражат бәрібір басқа жолдарға жұмсалып жатты. Сөйтіп жергілікті тұрғындар ауылдан көше бастады. Себебі жаңбырлы күндері аудан арқылы ол жолмен қатынау мүмкін емес еді. Қажетті заттар ауылдағы халыққа уақытылы жетпейтіні бар.

«Былай қарап тұрсақ, ауылда кәсіпкерлікті қолға алған адамдар баршылық. Кезінде бау-бақшасы болған тамаша елді мекен еді. Бірнеше рет Қазавтожолға депутаттық сауал жолданды. Ол жақтан: “Білеміз, қазір Сарыкөл мен Ұзынкөл аудандарының жолын істеп жатырмыз. Қаржы жоқ” деген жауап келді. Бір күні ауыл тұрғындарының атынан барлығының қолы қойылған Қостанай облысы бойынша “Ауыл” партиясы өңірлік филиалына хат келіп түсті. Партия да шекаралас ауылдарды қолдау бағдарламасын қолға алған болатын. Ол ауылдың әкімі де біздің партиядан сайланғанын, халықтың жанайқайын ескеріп, жұмысты бастап кеттік», – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Ғайния Есеева.

Партия филиалының мүшелері «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшылығымен ақылдасып, облыстық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиевке де шыққан. Жергілікті халықпен кездесуге жаңбырлы күндерді таңдап алды. Сол жерді өз көздерімен көріп, ендігі мәселе қаржыда екенін түсінген партия мүшелері Сенаттағы ынталандыру тобына жүгінді. Кәсіпкерлер де арасынан ниет танытып, бұлар көп ұзамай Астанаға жол жүреді.

Сенат депутаттары облысты аралағанда көкейдегі мәселені көтерді.

 – Әріптестер, ұлттық қауіпсіздікті сақтау жолында шекаралас ауылдардың қамын ойлауымыз қажет. Жітіқарадан Чайковский ауылына апаратын айналдырған жиырма-отыз шақырым жолды орташа жөндеуге республикадан қомақты қаржы керек. Соған қалай қол жеткізуге болады? – деп осы сұрақты қойды.

Сенатта жолығуға уәде берген халық қалаулысы Сергей Карплюк елдің өтініші бойынша жол комитетінің төрағасымен де кездесу ұйымдастырды. Осының нәтижесінде 2024 жылға Чайковский ауылының жолын жеке бөліп қарап, орташа жөндеуге қаражат бөлінді.

Леонид Булудовқа бұл маңайдағы жол қызметі жақсы таныс. Осы салада бірнеше жыл еңбек етіп келген. Қазіргі таңда шаруасын дөңгелетіп отырған орта кәсіпкер. Осы жолдың салынуымен жұмысы ілгері басқалы тұр жандардың бірі.

“Бұл жол жарты ғасырдан астам елге қызмет етті. Бүгінде тозығы жетіп, қайта жаңарып жатқанына қуаныштымыз. Қызмет көрсеткен кауымның еңбегін жақсы түсінемін. Өзім де жол саласының маманымын”, – дейді кәсіпкер.

Жолдың сапалы салынуын ақсақалдар алқасы үнемі қадағалап келді.

“Әу баста қолдау білдіргеннен бақылап келдік. Мамандар бес ай бойы тыным тапқан жоқ. Соның арқасында уақытынан ерте аяқтап отырған жайы бар. Жолдың сапалы салынғанына сенеміз”, – дейді Жітіқара аудандық “Ауыл” партиясы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Базылбек Жармұхамедов.

Көктем мен күзде езіліп жататын соқпақ қазір адам танымастай күйге енді. Екі ортаға қатынайтын көліктердің де саны артты. Мамандар қайта салынған жолдың ондай талапқа сай екенін күні бұрын анықтаған.

“Кейбір ұсақ-түйегін қоспағанда, үш жарым айдың ішінде жұмысты тиянақтадық. Жүріп-тұруға дайындық сапасы, жауын-шашынға төзімділігін толық зерттеп мамандар қабылдап алды. Басындағы жағдайына қарағанда анағұрлым жақсарғанына жергілікті халық та, өткен-кеткен жолаушылар да дән риза”, – дейді “АБЗ+” ЖШС директорының орынбасары Валентин Шиляев.

ҚазАвтоЖол акционерлік қоғамы директорының орынбасары Асхат Сағымбаевтың айтуына қарағанда, жол жөндеушілердің жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды.

“Қалпына келтірілген жолдың айналасында жұмысшылар кемінде екі жыл қызмет көрсетеді. Әрдайым күтіп-баптап, жол бойындағы азаматтарға жағдай жасап отырады. Арада бес жыл жыл өткеннен кейін орташа қайта жөнделеді”, – дейді Асхат Сағымбаев.

Демек, жолдың сапасына мердігерлер бес жылға кепілдік беріп отыр. Осылайша, екі жылдық жоба бес айдың ішінде аяқталып, 2,1 млрд теңге қаржы жұмсалды. Ол қаражат «Даму» банкінен қарызға алынған. Әуелгі қалыптан кеңейтілген жолға аудан әкімдігі бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Келер жылы жол бойына кемпингтер салынады. Желқуардан осы тұсқа тағы бір бекет орнауы да мүмкін. Маңызды мекемелері бір жерде шоғырланған кешен бой көтермек.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жітіқара ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу