Кеншілер қаласындағы тілдерді оқыту орталығы үздіктердің қатарында

Кеншілер қаласындағы тілдерді оқыту орталығы үздіктердің қатарында

Кеншілер қаласының ересек тұрғындарына тіл оқытуды жүзеге асыратын Рудный қаласы әкімдігінің “Қалалық тілдерді оқыту орталығыныңеңбегі елеулі. Қаладағы орталық қосымша білім беру нарығында он бес жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді.

Орталықтың басты ерекшелігі мемлекеттік, орыс, ағылшын, неміс тілдерін тегін үйретеді. Әкімдік ғимаратында орналасқан мекеменің оқу кабинеті заманға сай жабдықталған.

Жеткілікті оқу-әдістемелік қоры бар. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар өтікзуге мүмкіндігі мол.

“Рудный қаласы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы 2008 жылы құрылған. Содан 2014 жылы қайта тіркеуден өтті. Қазір орталықта қазақ, ағылшын, неміс және қандастардың өтінішімен орыс тілі оқытылады. Екі топ ашылды. Орталықтың негізгі мақсаты – ересек тұрғындарға, ниет білдірген адамдарға тіл үйрету. Яғни, бізге орталыққа тек қана тұрғындар ғана емес, сонымен қатар өзгеде мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың қызметкерлері келеді. Орталықта оқыту курстары тегін. Арнайы мемлекеттік бағдарлама негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар орталық тіл курстарын үйретуден бөлек, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ, мұғалімдер мен тыңдаушылар да өзге іс-шаралара белсенді қатысып келеді”, – дейді Рудный қаласы әкімдігінің “Қалалық тілдерді оқыту орталығының” басшысы Жанат Досыбаева.

Орталық тыңдаушылар арасында жыл сайын “тіл шебері”, “тіл парасат” сынды байқауларды өтізеді.

Ал мемлекеттік қызметкерлер “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” байқауында сынға түседі.

“Тілдерді оқыту орталықтарының мұғалімдеріне арналған байқауы бар. Соның бірі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы “Үздік оқытушы” байқауы. Рудный қаласының өкілдері бұл байқаудан 2011, 2015 және 2019 жылдары республика деңгейінде жас жүлде алған. Биыл өткен байқауға біздің орталықтың жас маманы қатысып, облыстық деңгейде бас жүлдені жеңіп алы. Ал респубилкадан екінші орын иеленді. Ол да жас маман үшін үлкен жетістік”, – дейді орталық директоры.

Орталықта 1209 тыңдаушы бар. Оның ішінде 935 тыңдаушы мемлекеттік тілде, ағылшын тіліне 232, ал орыс тіліне 30, неміс тіліне 14 тыңдаушы қатысады.

“Қазіргі уақытта 2023-2025 жылда мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істесек, осы жылдан бастап 2023-2029 мемлекеттік тілді дамытудың жаңа концепциясына сай жұмыс істейміз. Концепция негізінде орталықтың жұмыс жоспары қүұрылады, оқытушылардың сабақ бағдарламасы жасалады. Облыс бойынша 20-ға тарта тілдерді оқыту орталығы бар. Біздің орталық үздіктердің сапында. Материалдық-техникалық базамыз толық жаңа жабдықтармен қамтылған. Тыңдаушылар үшін жақсы жағдай жасалған. Бүгінгі таңда түрлі әдіс-тәсілдер пайда болып жатыр. Жаңашылдықтың барлығын сабақ барысында, іс-шарада қолдануға тырысамыз. Әлеуметтік желіде тіл сабақтарын жариялап тұрамыз. БАҚ өкілдерімен кездесіп, тіл үйренудің әдістерін баяндаймыз. Тіл үйренем деушілерге жан жақты көздерді пайдаланып, жағдай жасаймыз”, – дейді Жанат Досыбаева.

Тыңдаушылар 100 сағаттық бағдарламаны меңгерулері керек. Екі бағыт бойынша тіл үйренеді. Алғашқысы деңгейлік оқыту.

Екіншісі қысқа мерзімді курс. Қысқа мерзімді курстың мерзімі үш ай. Ал деңгейлік оқыту мерзімі үш жыл.

 “Орталықта екі ауызекі сөйлеу клубы бар. “Сөйлетайм” клубы 2021 жылы құрылған. Оған мемлекеттік тілді білетін, мемлекеттік тілде жаза алатын, сөйлей алатын адамдар келеді. Яғни, олар клубқа келу арқылы өздерінің сөйлеу деңгейін одан әрі жетілдіре алады. Ал екінші “Қазретро” клубына зейнет жасындағылар келеді. Онда егде жастағы кісілер қарапайым негізде, күнделікті жағдайда қолданатын сөздерді үйренеді. Мысалы, емханаға, дәріханаға, дүкенге және банкке барғанда ауыз-екі сөйлесуді меңгереді”, – дейді орталық директоры.

Орталық “Сөйлетайм” жобасының атауын жыл сайын өзгеріп отыруды шешкен. Бір жылы жастарға бағытталып жоспар құрылса, ендігінде отбасылық құндылықтар дәріптеледі. Сондай-ақ, орталық клуб мүшелерімен бірге музейге, өзге де мәдени орындарға барып тұрады. Мысалы, музейге барса клуб мүшелері жәдігерлермен танысып, қазақша атауларын үйренеді. Сол жердегі жағдайға қатысты диалог өрбиді.

Жас маман Ләззат Өтемұратова А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ филология мамандығын тәмамдап, орталыққа жұмысқа тұрған. Қазір тыңдаушыларға сабақ береді.

 “Қазір Ахаң атындағы оқу орнында филология мамандығын бойынша магистратура да оқып жатырмын. Орталықтағы қызметім өзіме қатты ұнайды. Қазір белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда тіл үйренушілерге сабақ беремін. Өткен тамыз айында “Үздік оқытушы” байқауына қатысып, облыстық кезеңнен бас жүлдені иелендім. Нәтижесінде республикаға жолдама алдым. Республикалық байқау да үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде заманауи технологияларды қолдана отырып сабақ үлгісін дайындадық. Екіншіде Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелеріне негізделген және оқытушының педагогикалық білімін сынайтын сұрқтарға жауап бердік. Соңғы кезеңде қатысушыларға В2 деңгейіне сәйкес келетін өзге этнос өкілдерінен тұратын сынама топқа сөйлеу әрекетінің төрт дағдысы бойынша сабақ өткіздім. Республикалық жарыста екінші орынды иелендім. Байқауға қатысуға қолдау білдірген ұжымыма, басшыма және Қостанай облыстық “Тілдарын” тілдері оқыту орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетоваға алғыс айтамын”, – дейді жас маман Ләззат Өтемұратова.

Владислав Кузнецовтың орталыққа келіп жүргеніне екі жыл болған екен. Тіл үйренушіні сөзге тартқанымызда, бірден қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп алғанын байқатты.

“Екі жыл бұрын Ресейден Қазақстанға қоныс аудардым. Рудныйға қоныстанған жылдан бастап орталыққа келіп жүрмін. Міне, екі жыл болды. Бұған дейін мүлдем қазақша сөйлей алмадым және түсінбейтінмін. Енді өзінің көріп тұрсыз, жақсы сөйлеп келемін. Мен бұнымен тоқтап қалмаймын, әрі қарай дамыта беремін. Абайдың қара сөздері жазылған кітап сатып алдым. Соны оқимын. Оның сыртында теледидардан қазақша бағдарламаларды қараймын. Мемлекеттік тілді барша азамат білуі керек деген пікірдемін”, – дейді Владислав Кузнецов.

Ал  Ольга Дычко зейнет жасында болса да, тіл үйренуге деген құлшынысы мол. Орталыққа келіп жүргеніне бір жыл ғана, десе де өзінің талпынысының арқасында біраз сөз меңгерген.

“Тіл үйренуде көшедегі жарнамалардың өзі біраз көмектеседі. Ілулі тұрған қазаздарға әрқана мән беріп, оқып өтемін. Ол жерде екі тілде ақпарат берілгендітен, аудармасы екені түсінікті. Сонда орысшасын оқыған соң, қазақшасы осы екен ғой деп жаттап алуға тырысамын. Қосымша бағдарламалар қараймын. Сөздік те тіл үйренуіме сеп. Сөзердің қазақша айтылуы ұнайды. Орталыққа келіп, тіл үйренген сайын, әрі қарай меңгере бергім келеді”, – дейді тыңдаушы Ольга Дычко.

Людмила Нагуманова нотариус болып жұмыс істейді. Қосымша қазақ тілін меңгеріп жүр. Айтуынша, жолдасы қазақ ұлтының азаматы екен.

“Орталыққа келіп жүргеніме үш жыл болды. Мұнда жағдай жасалған. Әдістемелік құралдарда ақын-жазушылар жайлы көп мәлімет бар. Еліміздің тарихымен жақын танысқан сайын, біле түскін келеді. Оқыту Әсия Ыбыраеваның кісілігі, бізге саған деген қарым-қатынасы өте жақсы. Мысалы, өз басыма тіл үйрену оңайға түсіп жатқан жоқ. Ол кісі бәрін баппен түсіндіріп, оқытады. Алғысым шексіз”, – дейді Людмила Нагуманова.

Орталық келушілері тілге құрмет, елге құрмет дегенді айтады. Қай тыңдаушымен сөйлессек те, қазақша сөйлегенде сөздер жүректен шығып жатқандай дейді. Тіліміздің мәртебесін әрқашан биікте ұстап, өзге де тілдердің дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан тілдерді оқыту орталығының жұмысы бағалануға тиіс деп есептейміз. Алдағы атқарар оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстары, бағындырар белестері биік екендігіне орталық ұжымы кәміл сенімді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Ерасыл ТАЛҒАТОВ

Рудный қаласы

Жаңалықтармен бөлісу