Жыл басынан бері іkomek ахуалдық орталығына сексен мыңнан аса хабарлама келіп түсті

Жыл басынан бері іkomek ахуалдық орталығына сексен мыңнан аса хабарлама келіп түсті

Орталық басшысы Әзел Айсабаеваның айтуынша, өтініштердің 60 пайызынан көбіне кеңес беріліп, алғашқы қоңыраудан-ақ шешімін тапқан.

«Бұл тұрғындардың қаланы дамытуға қосқан үлесі деп білеміз. Яғни, өздерінің жанашырлығын танытып, қолдауының бір көрінісі. Орталыққа келіп түскен 31 мың 459 өтініш қарау үшін жауапты органдарға берілді. Қазіргі таңда 30 мың 491-і пысықталды. Күн сайын iKomek қызметін орта есеппен 300 адам пайдаланады. Бүгінгі таңда «109» телефон нөмірімен қалада 150-ден астам ұйым біріктірілген. Операторлар қоңырауларға тәуліктің кез келген уақытында қазақ және орыс тілдерінде жауап береді», – дейді орталық басшысы Әзел Айсабаева.

Орталық басшысының айтуынша, қала тұрғындары электрмен жабдықтау және жол инфрақұрылымына көп шағымданады.

«Өтініштердің жиілігі маусымға, ауа райына және төтенше жағдайларға байланысты. Мәселен, сәуір айында су тасқыны маусымындағы өтініштердің орташа саны 35%-ға өсті. Жаңбырлы ауа райы кезінде көшелерді су басу туралы қоңыраулар орташа есеппен төрт есе артады. Сол сияқты, қарлы күндерде қар тазалауға қатысты өтініштердің күрт көтерілуін күтуге болады. Ал тұтастай қарасақ, жарықты, суды, жылуды өшіру, құдықтардың ашық қақпақтары, істен шыққан бағдаршамдар, құдықтар, қаңғыбас иттерді аулау және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелері бойынша тұрақты негізде өтініштер келіп түседі», – дейді орталық басшысы.

Орталық әзірлеушілері цифрлық шешімдерді әкімдік ен қалалық қызметтердің тиімділігін жылдан-жылға арттырып келеді. Мәселен, қаланың жүйелік мәселелерінің рейтингі апта сайын ұсынылады. Қалалық қызметтердің жұмысын бақылаудың барлық жүйесі автоматтандырылған. Аналитикалық жүйе оқиғалардың жүйелілігі мен маңызына негізделген мәселені анықтайды.

«Ахуалдық орталықтың қарамағында көше жарықтандыруының жұмысын бақылайтын «Радиус-Асуно» құралы бар. Оның көмегімен күнделікті талдамалық есеп жасалады. Сондай-ақ, ахуалдық орталықтың жұмысына соңғы кезден бастап термиялық картаны қамтитын өтініштердің егжей-тегжейлі картасы енгізілді. Жаңашылдықтың арқасында өтініш берудің нақты аудандарын және олардың жиілігін өтініштердің барлық санаттары бойынша бөліп қарауға мүмкіндік туды», – дейді Әзел Айсабаева.

Қала тұрғындарына қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін күн сайын орталық операторларының да жұмысына бақылау жүргізіледі. Яғни, әрбір оператор қабылдаған, өндеген өтініштің саны, желідегі әңгімелер мен күтудің ұзақтығы есепке алынады. Келіп түскен қоңыраулар мен орындалған өтініштердің саны тіркеледі. Орталық қызметкерлерінің ай сайынғы жиналысында өткен айдағы жұмыс қорытындысы айтылады. Жұмыс сапасына баға беріледі. Қажет болған жағдайда қызмет көрсету сапасының стандарттары бойынша қосымша оқыту жүргізіледі.

«Өтініштердің өсуі қала тұрғындарының сенімінің артқанының бір белгісі деп қарауға болады. Сұрақтардың 60 пайызы алғашқы қоңыраудан-ақ шешімін тауып жатқаны жақсы көрсеткіш. Біз ахуалдық орталыққа өтініштердің «жылу» картасын қостық, ол бойынша ең көп шағымдардың қайдан келетінін, қаланың қай ауданынан түскенін көруге болады. Сондай-ақ, iKomek мамандары қаланың жарықтандыру картасына қол жеткізе алатындай етеміз, содан кейін біз бағдаршамдарды сол жерге бағындырамыз. Бәрі бір терезеде болады. Ахуалдық орталық қаланың мәселелерін бірден анықтайды, тиісінше проблеманы шешу жолдары қарастырылатын болады», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Ерасыл Талғатұлы

Жаңалықтармен бөлісу