Тобыл-Торғай өңірінде тағы бір жел станциясы пайда болмақ. Ірі нысан электр энергиясы тапшылығын жеңілдетуге септігін тигізері сөзсіз. Бүгін Қостанай облысы әкімдігі мен «Universal Energy (Qazaqstan)» компаниясы арасындағы меморандумға қол қойылды.
Бұл жел станциясы салынса, 1 Гвт электр энергиясын өндіруге қауқарлы болмақ. Энергияны өндіргеннен гөрі әлдеқайда көбірек тұтынатын біздің өңір үшін мұндай нысан аса қажет.
«Электр энергиясымен қамсыздандыру мәселесі экономика үшін де, өңір тұрғындарының жайлы да сайлы өмірі үшін де зор маңызға ие. Бұл қазір бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналып отыр. Біздің өңір энергияға тәуелді. Тапшылықтың тарифке де салмағы түседі. Сондықтан қосымша қуат көзін іске қосу қашанда өзекті. Инвесторларды тартып, станциялар салу – күрделі мәселенің тиімді шешімі», – деді жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жаңа станция құрылысын «Universal Energy (Qazaqstan)» компаниясы міндетіне алуға әзір. Компания өкілдері нарықтағы тәжірибесі жөнінде мағлұмат бере өтті.
«Компаниямыз Шанхайдағы ғаламдық компанияның бір тармағы. Нарықта жеті жылдай жұмыс істеп жатырмыз. Осы уақыт аралығында 6 жел және күн энегриясы станциясын салдық. Станция салатын компаниялардың ірісі бізбіз. Сіздердегі Ыбырай Алтынсарин станциясы да біздің жобамыз. Қазірдің өзінде елде осындай 9 нысан салу үстіндеміз. Олардың екеуі жыл соңына дейін аяқталады. Қаржыландыру көзі – Қазақстан даму банкі, Еуропалық банк және екінші деңгейлі банктер. Таныстығымызға екі апта өтпей, бірден осындай келісімге шақырған алғашқы әкім өзіңізсіз. Уақыт оздырмай іскерлік кездесуге шақырып, жедел жұмысқа кірісіп жатқандарыңызға рахмет. Бұйыртса, құрылыс сәтті басталып, өңір жұрты игілігін көреді деген сенімдеміз», – дейді «Universal Energy (Qazaqstan)» ЖШС компаниялар тобының тең құрылтайшысы Ерлан Қожасбай.
Жел станциясы құрылысының маңыздылығы жөнінде жиынға қатысушылар да ойларын ортаға салып, жобаның іске асуын қуаттап пікір айтты. Бұдан соң өңір басшысы Қ.Ақсақалов пен компания өкілі Е.Қожасбай маңызды меморандумға қол қойды.Айта кетейік, бұған дейін өңірде екі Жел станциясы салынған еді. Бірі Меңдіқара ауданы аумағында 2022 жылы іске қосылды. Арқалық қаласы аумағындағы екіншісі былтырдан бері жұмыс істеп тұр. Әрқайсысының қуаттылығы – 50 МВт.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ