«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Арқалық қаласында ауқымды көлемде тазалық іс-шарасы өтті.
Студенттер мен білім ордаларының қызметкерлері орталық «Демалыс» саябағын, «Жастар» және «Ардагерлер» саябақтарын, сондай-ақ Жәуке батыр мен Ахмет Байтұрсынов саяжолдарын тазалады. Жиналған қоқыстар арнайы техникалармен сыртқа шығарылды.
“Бүгін қаладағы барлық мектеп-балабақша ұжымы, оқушылар мен студенттер акцияға бір кісідей атсалысты. Мақсат – қаланы таза ұстау, осы ісімізбен жас ұрпаққа үлгі көрсету. Біздің ұжымға қаланың көрікті жерлерінің бірі – “Жастар” саябағы бөлінді. Іші-сыртын түгел тазалап шықтық”, – дейді №3 ЖББМ директоры Нұрдәулет Ахатов.
Жастар жағы да табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
“Экологиялық акцияға М.Әуезов атындағы білім ордасының барлық қызметкері жұмылды. Өз үйіміздің, айналамыздың, қаламыздың жинақы, ажарлы болуы өзіміздің ғана қолымызда. Сондықтан бірлікті іске білек сыбана кіріскен жайымыз бар. “Таза Қазақстан” акциясының кең қанат жайып келе жатқаны қуантады”, – дейді Назым Кәкенқызы.
Ал Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің жастары замандастарына үндеу тастады.
“Біз “Таза Қазақстан” жобасын құптаймыз. Себебі ол өз денсаулығымыз үшін, экологиямыз, қоршаған ортаның жинақылығы үшін аса маңызды. Тазалық мәдениетінің артуына ықпалы зор. Бүгін өзіміздің сүйікті колледжіміздің ауласын айнадай етіп тазалап, жинап шықтық. Арқалықтық жастарды қатарымызға қосылуға шақырамыз!” – дейді Н.Құлжанова атындағы ТГК студенті Әйгерім Сағадатқызы.
Мұндай бастамалар қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.